Мырзашөлдегі жер жергілікті диқандардан артылмайды

380
Суармалы алқап

Мақтаарал ауданында аукцион арқылы сатылатын жер жергілікті жұрттан-ақ артылмайды. Ондағы шаруалар осылай деп отыр. Бүгінге дейін көлемі 400 гектар суармалы алқапты жеке меншігіне еншілеуге 29 диқаннан тапсырыс түсіпті.

Суармалы алқап

«Сеймар» селолық тұтыну кооперативінің егістік алқабының аумағы 40 гектардан асып жығылады. Оның ішінде Қалмырза Бейсенбаевтың да жалға алған 8 гектар пай үлес жері бар. Диқандар италиялық техниканың көмегімен топырақты терең қопсытып жатыр. Ол өнімнің бітік шығуына сеп болмақ. Ал жиын-терім толағай табысқа кенелтсе, үлесіміздегі алқапты басыбайлы жеке меншігімізге еншілеп алуымызға мүмкіндік туады дейді шаруа.

Тұрсынбай Бердалиев та қожалығына тиесілі жалға берілген 65 гектар алқапты биыл сатып алуға ниетті. Ерте көктемде ақ алтынның түркиялық Хорезм сұрпын жерсіндірген диқан өнімді өндіріп тастайтынына сенімді. Тек тірлігім татымды болса болғаны дейді.

Айта кету керек, жалпы, Мырзашөл өңірінің аумағы 185 мың 398 гектар жерді құрайды. Оның 136 мыңнан астамы суармалы болып есептеледі. Бүгінде ауданда оған бекітілген баға – гектарына 137 мың 700 теңге. Ал жайылым жоқтың қасы. Қалғаны елдімекендердегі тұрғындар қоныстанған аумақ. Суармалы алқаптың 3 мың гектары бұған дейін-ақ жекеге өтіп кеткен екен. Енді 10 жыл ішінде жерді 50 пайыздық жеңілдікпен сатып алуға берілген мүмкіндікті бүкіл жергілікті жұрт пайдаланып қалуға үмітті.

Ал бүгінге дейін жерді жалға алуға ниет білдірген шетелдіктер жоқ. Мамандар осылай деп сендірді. Өйткені жер емген жергілікті шаруалар аумақтарды әлдеқашан 49 жылға жалға алып қойған. Енді олар соның бәрін басыбайлы жеке меншігіне өткізіп алуға ынталы дейді құзырлылар. Дегенмен, былтырғы есеп бойынша ауданда 3,5 мың гектар алқап игерілмей қалыпты. Ал биылғы көрсеткіш белгісіз. Өйткені бос аумақты түгендеуге келгенде жергілікті атқамінерлердің тірлігі өнбей жатқан көрінеді. Сондықтан нақты есепті дөп басып айта алмады. Бірақ қалай дегенмен де аудандағы алқап Мырзашөлдегі 22 мың 200 шаруа қожылығынан артылмайды деген сенімде отыр жауаптылар.

Мақсат Жақсыбаев