Жетісайда диқандар егін егу үшін мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несие ала алмай әлек. Айтуларынша, құжаттарын дер кезінде өткізген. Енді шаруалар несие уақытылы берілмесе тағы шығынға батамыз ба деп уайымдап отыр.
Түркістан облысы Жетісай ауданы және Мақтаарал ауданында диқандар егін егуді қаңтар айынан бастаған. Дегенмен мемлекеттің жеңілдетілген несиесіне байланғандар әлі қаржы ұйымының есігін күзетіп, табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Олардың сөзінше, қажетті құжатты өткен жылдың желтоқсан айында тапсырып біткен. 1 айдан соң несие беріледі дегенімен, ақша бөлінбеген.
АБДУЛЛА МЕЙІРБЕКОВ, ДИҚАН: «Үкіметтің жәрдемақысын алсақ біз сол зауыттарға тәуелді болмас едік. Сол ақшаны алып жұмыстарымызды жүргізіп, шаруалар өз кәсбін дөңгелетер еді. Бізге сол үшін ерте берілуі керек ақша. Бізге анау мамырдағы маусымдағы ақшаның қажеті аз болып қалады. Негізсіз мақсатқа пайдаланады ол кезде».
Диқандар ерте пісетін дақылдардың көшетін қазірден отырғызбасақ кеш болады дейді. Кейбірі арзандатылған несиені күтпей үстеме пайызы жоғары болса да қарыз алған. Егін егіп, одан тапқан пайдасы қарызын өтей ме, жоқ па ол да белгісіз. Олар диқандарға бөлінетін ақшаның жылда кешігетінін айтып отыр.
ӘБДІМҮТӘЛІП ОРАЗБАЕВ, ДИҚАН: «Ертерек халыққа берсе. Осы халық уақтысында амафос беріп, осы халық диханшылықтан жақсы өнім алса деген ниетпен жүрміз. Ал, зауыттардан алсақ, бізге центнер қояды. Оның үстіне олардың проценті ауыр. Бізге мынау дихандарға өте тиімсіз».
«Ырыс» қаржы ұйымы диқандардың сөзін жоққа шығармайды. Жалпы Жетісай ауданында мемлекеттен төмен пайызбен берілетін несие алу үшін 150-ге жуық диқан өтініш білдірген. Олардың бас-аяғы 10 пайыздан астамына ақша берілген.
САБЫРЖАН ЖАҚЫПОВ, «ЫРЫС» МҚҰ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ БОЙЫНША ҮЙЛЕСТІРУШІ: «Бізде қазір «Ырыстан» 450 млн-дай келісім алып қойды. Шамамен 95 шаруадай. Тағы бізде 45 адамдай кезекте тұр. Құдай қаласа ертең түссе бұларға береміз».
Әзірге диқандарға ауадай қажет болып тұрған қаржының нақты қашан берілетіні беймәлім. Сондықтан олардың күтуден басқа амалы таусылып тұр.
Дилара Иса






