Úı ANONS Түркістандық диқандар егін еге бастады

Түркістандық диқандар егін еге бастады

Түркістан облысында диқандар егін еге бастады. Ауа-райы жылы, қолайлы оңтүстік аудандардың диқандары іске бірінші кірісті. Диқандар не егіп жатыр? Оларға ауыл жергілікті билік қандай көмек көрсетеді?

«Сабыр шаруа қожалығында тұрмыз. Бұл егістік алқапқа қызылша егілген. 8 гектар жер».

Мақтааралдық диқан Шағыр Көшербаевтың 27 гектар жері бар. Ол 4 жылдан бері қыс ортасынан бастап қызылша егіп, нәпақа табуды үйреніп алған. Биыл да жылдағы әдетіне салып, ерте қамданып жатыр. Мына 8 гектар жерге қызылға еккеніне аптадан асқан. Егінге тамшылатып суару әдісін қолданып жүр.

Диқан ерте егін егіп, оған тамшылатып суару әдісін пайдалану тиімді әрі пайдалы деп санайды. Сонымен бірге көп қол күшін де қажет етпейді дейді.

Дәл қазір климаттық ерекшелікке байланысты Түркістан облысында Мақтаарал ауданымен бірге Жетісай ауданында да диқандар егін еге бастады. Онда қырыққабат егуге дайындық жүріп жатыр. Бүгін отырғызылған көшет сәуір айында өнім береді. Онда да диқандар тамшылатып суару әдісін пайдаланады. Бұл өнімді екі есе артық алуға сеп болады дейді мамандар.

Ерте егілген егін диқанға да, тұтынушыларға да пайдалы. Бұл нарықтағы бағаның тұрақталуына және тұрғындарды жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек. Диқандардың егін егуге ерте кірісуіне жергілікті билік те мүдделі.

Әлібек Плаловтың айтуынша, диқандарға сонымен бірге арзандатылған жанар-жағармай да беріледі. Биыл оның көлемі 60 мың литрға жеткен. Жанар-жағармай беру ақпан айынан басталады.

Дилара Иса