Түркістан облысында сор шаю жұмыстары қарқын алды. Биыл суармалы алқаптарды жақсарту үшін жүздеген миллион текше метр су беріліп, мыңдаған гектар жер игерілуде. Мамандар бұл шараның өнімділікті арттыруға қалай әсер ететінін айтады.
Түркістан облысында сор шаю үшін 400 миллион текше метр су берілді. Анықтап айтқанда, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында Жетісай және Мақтаарал ауданында 95 гектарға жуық егіндікте сор шайылған.
Шардара ауданында топырақты ылғалдандыру жұмысы да басталған. Бұл үшін 262 миллион текше метр су берілген. Ал мақтаны егуден алдын міндетті түрде сор шайылуы қажет.
Мамандар сор шаю топырақтың құрамындағы зиянды тұздарды азайтып, құнарын арттырады әрі ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алу үшін жүргізілетін агротехникалық шара екенін айтады. Бұл процесс жер асты суының деңгейін төмендетіп, топырақ құрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.
Дилара Иса






