Оңтүстікте ауыл шаруашылығы жерінің тұздану мәселесі талқыланды

446
2012 жылы 21,2 мың га суармалы жер қосымша қосылған

Өңірде ауыл шаруашылығы жерлерінің тұздану мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осыған орай облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың бастамасымен кезекті мәжіліс өткізілді. Жиынға Қазақстанның ауыл шаруашылығы академиясының ғалымдары мен докторлары және профессорлары қатысты.

2012 жылы 21,2 мың га суармалы жер қосымша қосылған

Жалпы, Оңтүстік өңірі – республикадағы бірден бір аграрлық аймақ. Осыны атап өткен облыс басшысы жердің тұздану мәселесін шешуді тездету керегін атап өтті. Себебі ауыл шаруашылығының болашағы жердің сапасы мен құнарлығына тікелей байланысты.

Бүгінгі таңда өңірдегі барлық 566 мың га суармалы жердің 186 мың гектары тұзданған. Соры шыққан аумақтың 90%-дан астамы – Мақтаарал, Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласының жерлері.

Мәжіліс барысында Отырар, Мақтаарал аудандарының және Арыс қаласының әкімдіктері, «Қазсушар» және «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» мемлекеттік кәсіпорындары өкілдерінің атқарылған жұмыстарының есептері мен ұсыныстары тыңдалды.

Биыл облыстық бюджеттен 3,9 млрд. теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 531 шақырым болатын 46 су көзі жөнделуде. Бұл жұмыстар аяқталса, 30 мың га суармалы жердің жағдайы жақсарып, 1,5 мың га суармалы жер жаңадан айналымға қосылады.

Осы орайда ауыл шаруашылығы министірлігі Ислам даму банкімен жер асты суаларының деңгейін төмендетуге бағытталған жобаларды жасақтауда. Аталған жұмыстар нәтижесінде Мактаарал ауданында – 210, Шардара ауданында 302 тік дренажды ұңғыма қайта құрылмақ. Нәтижесінде Мақтаарал ауданында – 37 059 га, ал Шардара ауданында 64 315 га суармалы жер қайта қалпына келеді деп күтілуде.

Отырар ауданындағы Шәуілдір алқабындағы ішкі коллекторлық дренаж жүйелерді қайта құру жобасын Европа қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Осы жоба 12 мың га суармалы жерді оңалтады деген сенім бар.

Одан бөлек Отырар ауданының суармалы жерін сумен қамтамасыз ету және жаңадан 5000 га суармалы жер қосу мақсатында бүгінгі таңда Европа қайта құру және даму банкінен 4,4 млрд теңге бөліп, Сырдария-Арыс каналын қайта құру жұмыстары пысықталды.

Ал дүниежүзілік даму банкінің қаржыландыруымен ИДЖЖ-2 бағдарламасы арқылы Мақтаарал ауданында – 39 757 га, Шардара ауданындағы 20 630 га және Түркістан қаласында 10 000 га жерде суару жүйелерін қайта жаңарту және қайта құру бойынша жүйелі жұмыстар жоспарлануда. Қазіргі таңда Австралиялық «SMEG» фирмасы аталған бағдарламаны жобалауда.

Жоғарыда аталған жобалар сәтті аяқталса, 2018-2020 жылдары облыста суармалы жердің тұздану мәселесі толығымен шешімін табуы мүмкін. Сонымен қатар 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстанның су ресурстарын басқару» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңадан 125 мың га суармалы жерді айналымға қосылу көзделуде.

Мәжіліс қорытындысы бойынша облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар тапсырды:

1) Әр аудан бойынша тұздалған жердің электронды картасын тез арада әзірлеу;

2) Ғалымдарды, аумақтық және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, тозған жерлерді қалпына келтіруге жүйелі шара қабылдау;

3) Суармалы жерді оңалту бойынша шаруа қожалықтарымен тұрақты түрде жұмыс жасау;

4) Алға қойған тапсырмаларды іске асыру үшін облыс әкімі жанында сарапшы кеңес құру.