Көшпенділер ат үстінде өзара чемпиондарын анықтады. Бүкіләлемдік жарыс Қырғызстанда өткен болатын. Осыдан екі жыл бұрын жарысқа қатысушылар төрешілердің әділдігіне күмән келтірген еді. Бұл жолы ше? Осы сауалды біздің түсіру топ сынға түскен жерлестерімізге қойды.
Американдықтар да өздерін көшпенділер қатарына қосты. Қырғызстанда өткен бүкіләлемдік көшпенділер ойынына Америка Құрама Штаттарының командасы да қатысты. Көк бөріні тартып, қазақ-қырғыз шабандоздарымен бас жүлдеге таласты. Жарыстың ерекшелігі де осында болды. Европалық құраламалар арасында ресейліктер де болды. Дода тартысты болғанын тұлпарлардың астында қалған отандасмыздың жарақаты дәлел. Жамбылдық спортшыны қырғызстандық шабандоз қағып кетіп, отандасымыз әлі күнге дейін емханада жатыр.
Ғани Ахметбаев, ОҚО ұлттық спорт мектебінің директоры: «Қырғыз-қазақ бір туған» деп жатамыз ғой. Сондай бір жақсы спортымызда жайсыз жағдай болды. Спортта болатын протестті де қабылдаған жоқ. Екі балуанымыз, оның ішінде 70 келідегі Ерназар Байғонов та жұлып алған еді. Оны төреші сызықтың сыртына шықты деп, қабылдамай қойды».
Ал көкпаршылар ақтық сында қырғызстандықтармен кездесіп, жеңіліп қалған. Күміс медальға разы екенін айтқан бапкерлер сәтсіз ойын көрсетудің де өз себебі бар дейді.
Ғани Ахметбаев, ОҚО ұлттық спорт мектебінің директоры: «Төрешілердің бетін бері қайтарып, дұрыстау ереже жасамайтын болса, барудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол жерде 10 мың, 20 мың жергілікті халық шулаған кезде шынында да мысы басады. Оны жалғыз мен емес, сонда барған жас спортшыларымыз да байқайды».
Жағымды жаңалық та жоқ емес. Шолпан атада 4 жерлесіміз алтыннан алқа тақты. Олардың екеуі тоғызқұмалақ бойынша үздік болса, аударыспақтан екі жерлесіміз чемпион атанды.
Сырым Ізбасаров алып салмақтағылар арасында сынға түскен болатын. Белдесулер әділсіз өткеннен соң ақтық сында бар күшін ортаға салып, қарсыласын ат үстінен жұлып түсірген.
Сырым Ізбасаров, көшпенділер ойынының жеңімпазы: «Әділетсіздік болды. Ол жерде басқаша ережемен күш сынастық. Яғни, қырғыз аударыспағына түстік деуге болады. Бізде, мысалы, аяқтан ұстап көтеру керек болса, ол жақта ол әдісті алып тастаған. Сәл қиындау тиді. Бізге ұпай бермей, өздеріне бұрмалау деген сияқты. Біз таза ұтуға тырыстық. Солай жеңіске жеттік».
Екі жылда бір рет өтетін жарыс келесі жылы да Қырғыз жерінде өтеді. Халықаралық қауымдастықта дода ережелері қайта қаралмаса 2018 жылы көшпенділер ойынына қатыспаймыз дейді жерлестеріміз.
Сарбиназ Алдабергенова