Úı ANONS Көкпар ӘЧ: Моңғолия мен Ресей кездесті

Көкпар ӘЧ: Моңғолия мен Ресей кездесті

Түркістанның жаңа ипподромында көкпардан Әлем чемпионатының алғашқы тартыстары басталды. Білекті де жүректі шабандоздар атқа қонып, тақымдасқан доданың көркін қыздыруда. Бүгінгі күннің басты кездесулерінің бірі — Моңғолия мен Ресей құрамалары арасында өтті. Дала заңына тән ойын көрсетуге бекінген моңғолдық спортшылар өздерінің мықты дайындықпен келгенін айтты.

Тартысты өткен ойын нәтижесінде Ресей құрамасы басымдық танытты. Олар қарсыластар қақпасына 3 салым салып, ойынды 3:0 есебімен өз пайдасына шешті. Турнир барысында тек ойын сапасы емес, ұйымдастыру деңгейі де жоғары бағалануда. Көршілес Қытай елінен келген меймандар Түркістандағы атшабардың халықаралық стандартқа сай екенін ерекше атап өтті.

НҰРБОЛАТ ТӘЛІПБАЙҰЛЫ, ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕН КӨКПАРШЫ: «Жақсы, мына өткізіп жатқан көкпарларыңыз ұнап жатыр. Атшабарларыңыз да жақсы салыныпты, керемет күшті боп жатыр”.

Жалпы, биылғы додаға 9 елдің құрамасы қатысып жатыр. Мамандардың айтуынша, биылғы біріншіліктің деңгейі де, шабандоздардың деңгейі де жоғары. Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин бұл біріншілікте нағыз мықтылардың бағы жанатынын айтады.

Алдағы күндері топтық кезеңнің шешуші ойындары өтеді. 20-наурыз күні жартылай финалдық бәсекелер жоспарланса, 21-і күні чемпионның есімі белгілі болмақ. Жеңімпаз команда 30 миллион теңгелік жүлде қорының қомақты бөлігін иеленеді. Көкпар десе делебесі қозатын жанкүйерлер үшін нағыз қызу тартыс енді басталды.