Úı ANONS Шымкентте “Qazaqstan Kokpar Cup” республикалық турнирі басталды

Шымкентте “Qazaqstan Kokpar Cup” республикалық турнирі басталды

фото argymaq.kz

Шымкент қаласында ұлттық спорттың дамуына серпін беретін “Qazaqstan Kokpar Cup” республикалық турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының ат құлағында ойнаған азаматтары қатысып жатыр. Доданың жалпы жүлде қоры 28,5 миллион теңге. Бұл турнирдың мақсаты, көкпар спортындағы өңіраралық бәсекені қыздырып, ұлттық ойынның жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал ету.

Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған “Qazaqstan Kokpar Cup” республикалық турниріне барлығы 100-ге жуық үздік шабандоз қатысып отыр. Олар, 28 500 000 теңгені сарапқа салып, салым салмақ. Жарыстың алғашқы күнінде Шымкент қаласының командасы павлодарлық спортшылармен серкеге таласып, алғашқы айналымда 1-0 есебімен жол берген еді. Алайда, екінші айналымда өз алаңында қарсыластарынан басым түсіп, 4-1 есебімен қазандыққа серке салды.

Асылжан Мамыт, көкпаршы: «Бұл жерде федерация қарап отыр. Тәртіп бар. Ойын әділ өтті. Ә дегеннен бірінші тайм қызықты басталды. 1-0 есесбімен ұтылып тұр едік. Екінші таймда жеңісті жұлып кеттік. Олар жекпе-жек тактикасына көшті. Екінші таймда жерден алдық көкпарды. Барынша тырыстық. Бізді халық көріп отыр».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир көкпар спортының дамуына серпін береді. Әсіресе ауыл аймақтағы спортшыларды іріктеп, ұлттық спортты дамыту. Сонымен қатар, өңірлер арасындағы бәсекелестікті күшейтеді деп отыр. Қала берді өскелең ұрпаққа өнеге, жігіттер қайсарлықты дәріптейді.

Нүркен Байбөриев, ҚР Ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы: «Бұл жерде тек қана өте кәсіби деңгейде дайындалып жүрген спортшылар бар десек те болады. Оның ішінде ауылдан балалар бар. Шықпай жүрген. Өте тартысты болады деп ойлаймыз. Келешегі зор. Дәстүрлі түрде жылда өтеді деген ойдамыз. Жастардың қызығушылығы өте үлкен. Жасөспірімдер арасында ресми жарыстарымыз бар. Еліміздегі әр облыста спорттық мектептер жұмыс істеп жатыр. Барлығы үкіметтен қаржыландырылады».

Қазақта «Көкпар тартқандікі, қоян қаққандікі» деп тегін айтылмаған. Бұл жарыс жігіттердің ғана шапшаңдығы мен қайсарлығын көрсетпейді. Текті мал тұлпардың да сыналатын сәті. Сондықтан әрбір салымның артында команданың жеңісі тұр дейді жауаптылар.

Айта кетейік, биылғы жарысқа 7 команда жасақталды. Олардың қатарында Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының командалары бар. Тартысты дода бес күн бойы жалғасын таппақ.

Нұргүл Жолымбетова