21 қараша — халықаралық телеарна күні. Айтулы күнді БАҚ өкілдері ерекше мереке санағанымен, жұмыстарын тоқтатқан емес. 24 жылдық тарихы бар “Отырар” телеарнасының ұжымы да бұл күні халыққа қызмет көрсетуде.
1992 жылдан бері Оңтүстіктің шарайнасы болған телеарна бүгінде шындықты жеткізіп, жұртшылықтың қолдауына ие болып келеді. Жаңалықты шұғыл әрі боямасыз баяндайтын “отырарлықтар” күні бүгінге дейін мыңдаған материал әзірлеп, көптеген проблемаларды көтерді, жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді. Осы уақыт ішінде арнамен бір болып, бірге жұмыс жасап келе жатқан жандар, көрермендер де өз бағаларын беріп, ақ тілектерін білдіруде.
Телеарна ұжымы әр маусым сайын өз көрермендерін жаңа туындылармен, қызықты бағдарламалармен қуантып келеді. Мәселен, өткен жылы түсіріліп, көпшіліктің көңілінен шыққан «Мен үйленемін» атты сериал биыл да жалғасын табады. Сонымен қатар Шымкент қаласының ең үздік дауыс иесін анықтайтын жобаның телевизиялық нұсқасы да желтоқсан айында көрерменге жол тартады.