Бүгін — энергетиктер күні. Күнгейдің мамандары осы мерекені Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында салтанатты түрде атап өтті. Мерекеге облыс әкімі қатысып, сала мамандарын төл мерекесімен құттықтады, түрлі марапаттарын табыс етті.
Энергетика саласында көп жылдар бойы қызмет етіп, облыстың өркендеуіне сүбелі үлес қосан сала мамандарына қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Өйткені электр жарығынсыз өмірді бүгінде ешкім елестете алмайды. Сондықтан болар, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара барысында облыс, қала аудандардағы жауапты аудандарда аянбай еңбек еткен азаматтар лайықты марапатқа ие болды.
Еңбегі сіңген энергетик медалі осы салада ширек ғасыр қызмет еткен «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің өкіліне де бұйырды. Бас инженер Айбек Қожабеков әріптестерін төл мерекесімен құттықтап, жерлестеріне амандық, қажымас қайрат тіледі.
Облыстың энергетика саласындағы жетістіктері айқын. Соңғы бес жылда өңірімізде 3 мыңнан астам шақырым электр желісі және мыңнан астам трансформатор, 110-35 киловаттық 8 қосалқы станция пайдалануға берілді. «Оңтүстік Жарық транзит» серіктестігі инвестиция есебінен бес мыңнан астам шақырым электр желісін жаңартты. Шымкентте Солтүстік, Нұрсәт қосалқы станциялары пайдалануға берілді. Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі энергетиктерді төл мерекесімен құттықтап, өзге салада еңбек ететін қызметкерлерді қолдау көрсетуге шақырды.