Облыс тұрғындарынан жекеменшік үй салуға арналған жер учаскесіне өтініш міндетті түрде қабылдануы тиіс. Осы орайда күнгейде жер телімі кезегіне тұрған 172 мыңнан астам азаматтың мәселесін шешу «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Яғни, көп қабатты үйлер мен инфроқұрылымдары тартылған жерлерде жеке үйлер салынады. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов хабарлады.
Облыстық жер қатыстары басқармасы басшысының мәліметінше, бүгінде жеке үйлерді салуға жер теліміне кезекте Шымкенттің өзінде 88 500 азамат тұр. Түркістанда 24 мыңнан астам адам өтініш білдірсе, Сарыағаш ауданында 14 жарым мың азаматтың арызы тіркелген.
Созақбай Әбдіқұлов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы: «Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының елдімекендердің бас жоспарына сәйкес жүргізілген түгендеуі бойынша 21701 гектар жер қажет. Олардың 15 413 гектары — жекеменшікте, ал 6 288 гектар шалғай жерде жатыр. Оларды мемлекеттің мұқтаждығына алу жөнінде ұсыныс парламентке жіберілді.»
Ал Оңтүстікте 172 мың 821 адам жекеменшік үй салу үшін жер учаскесін сұрап отыр. Енді жер тапшы облыс орталығы мен кәсіпкерлік саласы дамыған Сарыағаш, Түркістан мен Сайрам аудандарында азаматтарға жер бөлу мәселесі «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы шешілмек.
Оңтүстіктегі қала, аудан орталықтарында қарқын алған тұрғын үй құрылысы баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді деп сенеді мамандар. Ал инфроқұрылым тартылған тұрғын алабтарда бой көтеретін коттедждер бұған дейін жер телімі кезегіндегі азаматтарға ұсынылмақ.