Мұнай өңдеушілер көктем мерекесін қарсы алды

669
Мұнай өңдеушілер көктем мерекесін қарсы алды

Мұнай өңдеушілер көктем мерекесін қарсы алды. «Петро Қазақстан Ойл Продакс Шымкент» зауытының ұжымы наурыз мерекесін атап өтті. Бүгінде бұл алпауыт компанияда бір жарым мыңға жуық маман қызмет атқарады.

«Петро Қазақстан Шымкент» мұнай өңдеу зауытының ұжымында Қазақ халқының барлық салт-дәстүрі көрініс тапқан наурыз мерекесі тойланды. Сәуірдің мамыражай күндерінің бірінде тойланған қазақ тойы Қыдыр ата батасымен басталды.

Мұнай өңдеушілер көктем мерекесін қарсы алды

Аухин Айтбек, тауар-көлік басқармасының бастығы: «Біздің ұжымның наурыз мерекесін тойлаған күні ауа райы да керемет болып тұр. Жұмысшыларымызбен бәріміз өте қуаныштымыз. Осындай ұлттық мерекемізді тойлап жатқанымызға разымыз. Биыл басқа жақтан келген қонақтарымыз да бар. Мен әріптестерімді және қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Жұмысымыз алға баса берсін! Тек сәттілік болсын! Табысымыз көбейіп, әр отбасында бақ-береке болсын! Елімізде жақсылық болсын! Шаршамай, талмай еңбектеніп жетістіктерге жете берейік!»

Мұнай өңдеушілер көктем мерекесін қарсы алды

Бұл күнгі мерекеге зауыттағы қызметкерлердің барлығы дерлік отбасымен қатысты. Наурызға келген жұмысшылар мен қонақтар мерекелік ақ дастарханнан дәм татып, ұлттық ойындар ойнап, мәре-сәре күйге бөленді. Арқа-жарқа болған қауым бірі арқан тартып ойнаса, енді бір тобы кір тасын көтеріп, күш сайыстырды. Ал ұлттық киіммен алтыбақан тепкен жастар жағы көпшіліктің назарын аударып, мейрамның сәнін кіргізді.

Әбдірахманов Ахметбек, № 2 цехтың қондырғы механигі: «Биылғы Наурыз мерекесі ерекше бір кезде өтті десек болады. Зауытта көп жаңалықтар болды. Көптеген нәтижелі жұмыстар жасалды. Ең бастысы – кезекті жөндеу жұмыстарымыз сәтті аяқталып жатыр. Наурыз мерекеміз кейінгі жылдарда ғана ашық аталып өтілетін болды ғой. Сол кезден бастап біздің компанияда ұлттық мерекеміз жыл сайын өткізіліп келеді. Мен қызметкерлердің атынан басшылыққа үлкен алғысымызды айтам. Наурыз мейрамдарыңыз құтты болсын!»

Мереке барысында халық әндері де назардан тыс қалған жоқ. Той алаңынан ұлттық аспаптармен әуелете ән салған әншілерімізбен қатар мың бұрала билейтін бишілеріміз де табылды. Осылайша қазақтың ұлттық өнеріне келген қонақтар да тәнті болды.

Чэнь Цин Кунь, бас инжинер: «Баршаңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Өнерпаздарға мың алғыс. Жұмысшылардың бәрі де қарбалас еңбек етіп жатыр. Бірақ бұл барлығымыздың бірге осындай айтулы мейрам-  Әз Наурыз мерекесін тойлауымызға кедергі келтіре алмады. Барлықтарыңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Зауытты жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін қазақстандықтарға көп пайда әкеледі. Шығарылатын мұнай өнімдерінің сапасы жақсарады.»

Шымкент мұнай өңдеу зауытының ұжымында өткен наурыз мерекесі осылайша тойланды. Мереке соңында кәсіпорынның жастары заманауи флешмоб қойып, көпшіліктің көңілін көтерді.

Жанерке Хұмар