Күнгейдегі саз колледжі тағы да жеңістің төрін бағындырды. Бұл оқу орнының студенттері Астана қаласында өткен республикалық өнер жарысында топ жарды, «Ансамбльдік ән салу» аталымы бойынша жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады. Биыл 38-рет қолға алынған өнер бәсекесіне еліміздегі музыкалық оқу ордалары, ондағы ең талантты шәкірттер жолдама алған. Ал айтулы сайысқа Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті-Елбасы қоры мен мәдениет және спорт министрлігі демеушілік жасаған.
Марал Махамбет, бас жүлде иегері: «Қарсыластарымыз осал болған жоқ, жақсы дайындалып келген. Бірақ, біздің ұсынған туындымыз ұтымдырақ болды. Мысықтың кейпіндегі шығарма, қоғамның әлемге деген көзқарасын айшықтап береді. Сондықтан, біз өзіміздің ғана емес, қазіргі барша жанның жандүниесіндегі ойды жеткізе алдық деген сенімдемін».
Ал оқу орнының жанынан құрылған «Шамсинұр» би ансамблі де жуырда халықаралық «Түркісой» ұйымының мерейтойында көптің көзайымына айналып, ерекше би қойылымдарымен жүлделі 3-орынды жеңіп алды. Құрылғанына 4 жылдан асқан ұжымда қазір 36 биші өнер көрсетеді.