31-мамыр — саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Тарихи датаның құрметіне орай, өңір басшысы Жансейіт Түймебаев қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейге арнайы бұрылды. Әкім осындағы қасірет жылдарды еріксіз еске түсіретін дүниелер — Алаш арыстарының суреттері мен қолжазбалары және өзге де құжаттармен танысты. Сондай-ақ, солақай саясаттың құрбаны болып, жазықсыз жапа шеккендердің соңында қалған ұрпақтарымен кездесіп, ерліктің ұмытылмайтынын құрметпен жеткізді.
Кездесуде 1937-38-жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналған азаматтардың тұяқтарының да көрген азабы сөз болды. Ерлікті ескерген облыс әкімі арнайы шақырылған қонақтарға алғысын айтып, сый-таралғысын табыстады. Айта өтейік, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Ажал құшқандардың арасында зиялылар мен мәдениет және қоғам қайраткерлері көп болды.