Шымкентте «Бала дауысы-2017» ән байқауының үміткері белгілі болды

Үздік бала дауысын іздейді. «Бала дауысы-2017» ән байқауының екінші маусымы бастау алды. Тәлімгер мен қазылар алқасының құрамы күні кеше Шымкент қаласына табан тіреді. Ұлттық ән додасының іріктеу кезеңіне облысымыздағы барлық аудандар мен Шымшаһардан 200-ден аса бала қатысып, бақтарын санады. Таңғы сағат 9-дан бастап ұл-қыздарының өнер көрсетуін тағатсыздана күткен ата-аналардың да саны көп.

Ән байқауына қатысушыраға қойылған талап та қарапайым. Дауыс ерекшелігі мен диапазонын көрсететін үш ән орындауы тиіс. Үздік дауыс иегері болудан үміткерлер алдымен алғашқы айналымда өнер көрсетіп, екінші кезеңге жолдама алды. Үш адамнан тұратын қазылар алқасы үздік сегіздікті анықтап, оңтүстіктің намасын қорғайтын жалғыз жеңімпазды таңдауы тиіс.

Ал биыл күнгейдің намысын қорғайтын өнерпазға танымал әнші Айқын Төлепберген тәлімгерлік етеді. Өткен жылы солтүстік өңірдің жеңімпазына жетекшілік жасаған Айқын биыл ОҚО -н өзі таңдапты. Өйткені халық көп орналасқан өңірде туа бітті талантты баллаар көп деп есептейді. Сондықтан үлкен аудиторияда, көпшіліктің алдында ақтық сында өнер көрсету үшін жеңімпаз барлық талапқа сай балаларды іздейді.


Айқын Төлепберген, тәлімгер: «Бір тілде немесе тек бір бағытта ғана ән айтатын емес, әмбебеп бала іздеймін. Өзге тілді шебер меңгеру шарт емес, алайда, әнді түсінетін, айта алатын шәкірт керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Ал сайыс – кішкентай өнерпаздарымыз үшін алғашқы қадамның бірі. Ақтық сында ешқандай қателік кешірілмейді. Сондықтан халық алдына шығудан қорықпайтын, харизмасы бар, психологиялық жағынан да дайын болуымыз шарт.»

«Бала дауысы» жобасының менеджері Марья Айдарбаеваның айтуынша, Оңтүстіктен 7-13 жас аралығындағы 210-нан аса үміткер қатысқан. Олардың тек біреуі ғана жеңімпаз деп танылып, ақтық сынға жолдама алып, «Жұлдызды» үйде өзге жүлдегерлермен бірге бір ай бойы түрлі дайындықтан өтеді. Музыкалық білім алып, хореографиядан сабақтарға қатысады. Қысқаса 30 күн бойы тәлімгермен бірге дайындығын пысықтайды.

Сонымен, Айқын Төлепберген бастаған қазылар алқасы облысымыздың үздік өнерпазын анықтады. Ақтық сынға жолдама алған 12 жасар Зарина Нұржанова енді «Бала дауысы-2017» байқауында күнгейліктердің үмітін ақтауға аттанады. Айта өтейік, Зарина 1 жылдан бері балалар өнер мектебінде вокалдан сабақ алады, бимен айналысады.

Балдырғандардың өнер жолындағы тұсауын кесіп, үлкен сахнаға жол ашатын «Бала дауысы» жобасы тұңғыш Президент қоры және мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылуда. Ән додасының ерекшілігі сол, жыл сайын әрбір өнерпаз оларға балаларға тәлімгерлік етеді. Жеңімпазды анықтау Алматы қаласында қазан айында әділ қазылар мен көрермендердің дауыс беруі арқылы тікелей эфир кезінде анықталады. Ал «Үздік бала дауысы» иегері ертегі әлемі Диснейлэндке саяхаттау мүмкіндігіне ие болады.