Қорықтан маза қашты. Арыс және Қарақтау республикалық дәрежедегі мемлекеттік қорығы қазір мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін қолайлы алаңға айналып барады дейді қорық инспекторлары. Айтуларынша, қазір ерекше қорғалуы тиіс аумақта келім-кетім көбейіп, жануарлар мен аң-құстардың тынышын бұзып жатыр. Жануарлар әлемінің берекесін ұшыратындардың жолы кесілмесе, мамыражай тыныштықты қалайтын аң-құстарды сақтап қала алмаймыз деп алаңдап отыр.
Бауыржан Қожақов қорық аумағындағы 9 гектар жерде түйе бағады. Төрт жылдан бері жүздеген ойсыл қара төлін баптайды. Жалдамалы малшы шаруашылық иесінің жерді пайдалануға барлық құжаты бар деп сендіреді.
Қорық инспекторланың айтуынша, қазір мұнда түйеден өзге жылқы, сиыр қой бағумен айналысатын шаруалар көбейген. Ерекше қорғалуы тиіс аумақта кәсіптің осы түрлерін дөңгелетіп отырғандар жануарлар әлемі мен өсімдіктерге қырғидай тиюде. Қызыл кітапқа енгізілген жыртқыш құстары мен сексеуіл сияқты өсімдіктері бар мемлекеттік қорыққа келушілер көбейген. Олар өсімдіктерді таптап, жануарлар әлемінің тынышын алуда дейді инспекторлар.
Қорық инспекторы Багдан Арудунянның мұнда жұмыс істеп жатқанына биыл бес жыл. Маман жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесіне алаңдаулы. Айтуынша, соңғы бірер жылдың ішінде қорықтан береке қашты. Алдын алуға рейдтері кезінде заңды белден басқандарға ескерту жасалады, алайда, қорыққа келушілер одан айылын жияр емес.
Бұл мәселеден құзырлылар да хабардар болып шықты. Жауаптылар бірнеше ауданның аумағын алып жатқан қорықта жергілікті әкімдікке және шаруа қожалықтарына тиесілі жер телімдері барын айтады. Алайда, ерекше қорғалуы тиіс аумақта мал ұстаудың талаптары жиі ескертіліп отырады. Келушілер де тиісті ережелерді сақтауы тиіс дейді.
404 мың гектарды алып жатқан қорық аумағын қарауылдау үшін қазір инспекторлар вахталық әдіспен жұміс істейді. Дегенмен, маман тапшылығынан жануарлар мен өсімдіктер әлемін қадағалау мүмкін болмай отыр дейді қорық басшылары. Ал ескертуге құлақ аспағандар заң алдында жауап береді.
Мақпал Рысбаева