Депутаттар мәдениет ошақтарын аралады

312

21 тамыз күні облыс мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісі өтеді. Депутаттардың қарауына облыстық мәдениет басқармасының, мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың, бағдарламалардың іске асуы жөніндегі есебі ұсынылып отыр. Аталған саладағы жағдаймен алдын-ала танысу үшін халық қалаулылары бюджет қаржысына салынған мәдениет ошақтарында болып, шығармашылық ұжымдармен кездесті, олар көтерген мәселелерді тыңдап қайтты.

Депутаттар алдымен Көрме орталығына барды. Мұнда талай жиын, талай көрмеге келіп те жүр. Бірақ, бұл жолғысы өзгеше басқосу. Осыдан төрт жыл бұрын пайдалануға берілген ғимаратта бүгінде сала бойынша көрмелер ұйымдастырылып, өңірдің тауар өндірушілерінің жетістіктері кеңінен насихатталуда. Мәдениет басқармасы басшысының айтуынша қолдау жақсы, орталықтың материалдық базасын нығайту мақсатында 2014 жылы 62 млннан астам қаржы бөлінсе, 2015-те 532 мың, 2016 жылы кәсіпорын ғимаратын жарықтандыруға 2 млн 650 мың теңге бөлінген.

Ал 2014 жылы қыркүйекте Елбасының өзі арнайы сапарында ашқан қазақ академиялық драма театры әртістерінің қуанышы ұзаққа бармапты. Жаңа театрда шешілмеген түйткіл жеткілікті болып тұр. Жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес орнатылған жылу жүйесінің қуаты ғимараттың ішін жылытуға жетпейді, қыс мезгілінде көрермендер мен әртістер бүрсең қағып жүреді.

Аға буын өкілдері жас әртістердің келешегі үшін алаңдайды. Бар үмітін депутаттарға артып, мәселелерді жасырмай жеткізді. Ал облыстық филармония ұжымының басшысы болса, депутаттардан ескерту алды. Мәдениет ошағының көркі өнер сүйер қауымның үнемі назарында екенін естен шығармау қажеттігі де кездесу барысында айтылмай қалмады. «Қазына» би шығармашылық тобының Түркиядағы жетістігі жүйелі жұмыстың жемісі дейді мұндағылар. Халық қалаулыларымен жоспарларымен бөліскен ұжым жатақхана бүгінгі қажетілікті өтей алмайтынын айтты.

Бүгінде оңтүстік өңірінде 730 мәдениет ошағы бар. Оның ішінде 423 кітапхана, 25 музей, 8 театр бар. Күнгейліктердің мақтанышы «Оңтүстікциркті» қосыңыз. Салынған нысандардың күтіміне әрине қаржы қажет. Алайда олардың өміршеңдігі сондағы ұжым мен мәдениет басқармасы басшысының іскерлігіне де байланысты екенін еске салуды депутаттар ұмытқан жоқ.