Шымкентте қала мәслихатының сегізінші шақырылымдағы кезекті сессиясы өтті. Бұл жолы депутаттар жыл бойы атқарылған жұмыстарды талқылап, алдағы өтпелі жұмыстарға тоқталды. Ал, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымды жаңарту мәселелерін тілге тиек етіп, сала мамандарымен алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасайтынын жеткізді.
Бүгін депутаттар жылды қорытындылады. Кезекті сегізінші шақырылымдағы сессияға қала әкімі, халық қалаулыларымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, басқарма басшылары мен түрлі сала өкілдері қатысты. Жиында сөз алған шаһар басшысы Шымкентте атқарылған жұмыстарды тізбектеп, қаланың инфрақұрылымдық, әлеуметтік, экономикалық дамуын сөз етті. Оның айтуынша, биыл жол, тұрғын үй және инженерлік желілерді жаңарту, ауыз су беру жұмыстары басты назарда болған.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ: «Экономикамыз көтеріліп келе жатыр. Оны көріп отырсыздар. Өткенде 10 айдың қорытындысы бойынша алдыңғы қатарда тұрдық. Қазір де 11 айдың қорытындысы бойынша 4 тікте тұрмыз. Алға қарай жылжымасақ, түспейміз. Оның барлығы, цифралардың барлығы нақты цифралар. Ешқандай алып-қосу жоқ. Түрлі салада даму бар».
Жиынға қатысушы депутаттарда сөз алып, өздеріне сенім білдірген қала әкіміне алғысын жеткізіп, оң бағасын берді. Олардың айтуынша, соңғы кезеңде қала аумағында инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, көшелерді жарықтандыру деңгейі жақсарып, жол жөндеу жұмыстары кең көлемде жүргізілген. Бұл өз кезегінде көлік қозғалысын реттеп, кептелістерді азайтуға мүмкіндік берген.
Сонымен қатар, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бірқатар елді мекендерде жаңа су құбырлары тартылып, ескілері жаңартылған. Бұл жұмыстар қала халқының күнделікті өміріне оң әсерін тигізіп, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етуде.
АЙЖАН НАЙМБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Соңғы жылдары жол мәселелсі жоғары деңгейдегі қарқынмен дамып келе жатыр. Бұрындары көз көргісіз болып жататын көшелер, бүгінде жап-жарық болып тұр. Салапы интернет, электр жарығы, ауыз су, кәріз жүйессі саласында бұрын болмаған іргелі жұмыстар атқарылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілік қағидаты күшейді. Бұл күндері қаламыздың кәсіпкерлері қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын болды. Арнайы салық режимінің мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілуі ел ішінде қолдау тауып жатыр. Нәтижесінде, көлеңкелі экономиканың үлесі азайды. Бұл да кәсіпкерлік саланы дамытатын шара болды».
Айта кетейік, күн тәртібіне 7 мәселе шығарылып, барлығы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Аталған мәселелер қала бюджеті, әлеуметтік сала мен коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға қатысты басты тақырыптар болды.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласының Құрмет грамотасымен наградтау ережесіне өзгерістер енгізу, мәслихаттың кейбір шешімдерін нақтылау және алдағы кезекті сессияның өткізілуін жоспарлау мәселелері де қаралды. Жиын соңында депутаттар алдағы уақытта да қала дамуына бағытталған жұмыстар жалғасатынына сенім білдіріп, әкімдік пен мәслихаттың өзара тиімді ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
Нұргүл Жолымбетова






