Қазақстанда қаңғыбас иттерді эвтаназиялау шарасы енгізілуі мүмкін. Тиісті түзетулер «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасына ұсынылды. Депутаттар бұл әдісті қатігездік емес, ел тұрғындарының үй жануарларына деген жауапкершілігін арттыратын шешім деп атап өтті.
Шымкенттік зоо-белсенді Эмилия Өскенова жаңа өзгерістерде қарастырылып жатқан эвтаназия шарасына түбегейлі қарсы. «Жануарларға көмектес» қорының жетекшісі бұл қадамды адамгершілікке жатпайды деп санайды. Оның пайымдауынша, жануарларға бұл әдісті қолдану көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің емі емес. Белсендінің сенімі бойынша, қаңғыбас иттердің саны азаймауына бұрынғы бағдарламалар емес, олардың дұрыс орындалмауы себеп болып отыр.
ЭМИЛИЯ ӨСКЕНОВА, ЗОО-БЕЛСЕНДІ: «Бірнеше жыл бойы иттерді ұстап, зарарсыздандырып, қайта жіберу бағдарламасы жүргенімен, жануарлар саны азаймады. Себебі бұл заңды тиісті мекемелер дұрыс орындаған жоқ. Яғни, әр қалада бұл жұмыс ең басында жоспарланғандай жүйелі түрде жүргізілмеді».
Сондай-ақ, жануарларды еш бақылаусыз асырап, өз бетінше жануар көбейту орындарын ашып алғандардың да саны азаяр емес. Зоо-еріктінің сенімі бойынша, жаңа шараларды енгізбес бұрын, алдымен тұрғындармен жұмыс істеп, үй жануарының иелеріне нақты жауапкершілік жүктеу қажет
ЭМИЛИЯ ӨСКЕНОВА, ЗОО-БЕЛСЕНДІ: «Тұрғындармен ешқандай түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Егер аспанда бұлт үйіріліп тұрса, жаңбырмен шексіз күресу мүмкін емес қой. Жануарлар мәселесі де дәл сондай. Егер адамдар үй жануарларын далаға тастауын тоқтатпаса, көшедегі иттердің саны әрине арта береді»
Енді ұсталған қаңғыбас иттер көшеге қайта босатылмайды. Қазір оларды ұстап, екпе егіп, кейін бұрынғы жеріне жібере беретін. Жаңа заң күшіне енсе, жануарлар уақытша ұстау орындарында небәрі 5 күн, ал иесі бар деп есептелетіндері 60 күн ғана болады. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов қараусыз иттердің мәселесі неге ушығып кеткенін айтып берді.
МАГЕРРАМ МАГЕРРАМОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ: «40 мыңнан астам адамды ит қапқан. Бұл аз цифр емес. Көшедегі иттердің адамға тап беруі күн санап артып жатыр. Оның бәрі итін далаға лақтырған адамдардың кесірінен. Иттер далада бірігіп, топтасып жүреді. Ал олар топ болып жүргенде — өте қауіпті»
Депутат бұдан бөлек, иттерге арнайы салық енгізу қажет деп есептейді. Оның ойынша, осылайша жануар асыраған әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыруға болады
МАГЕРРАМ МАГЕРРАМОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ: «Мен 2024 жылы Салық кодексіне түзету енгізуді ұсынған болатынмын, бірақ ол өтпеді. Ол кезде біздің пікіріміз екіге жарылды. Дегенмен, басқа елдердің тәжірибесіне сүйенуіміз керек. Мысалы, қауіпті саналатын төбелес иттері үшін 2 айлық есептік көрсеткіш, ал қалғандары үшін 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық салуды ұсындық»
Ал қаңғыбас мысықтарға қатысты адамгершілік принциптері сақталмақ. Сондай-ақ, жаңа заң жобасы иттер мен мысықтарды міндетті түрде чиптеуді қарастырады. Яғни, әрбір үй жануарына арнайы электронды белгі орнатылуы тиіс.
Ботакөз Әнуар






