Úı ANONS Психологтарға қойылатын талапты депутаттар бекітпек

Психологтарға қойылатын талапты депутаттар бекітпек

Қазақстанда жалған психологтармен күрес күшеймек. Мәжілісте психологиялық қызметті реттеуге бағытталған заң жобасы қаралып жатыр. Құжат психолог мамандарға қойылатын білім, біліктілік және жауапкершілік талаптарын біріздендіріп, азаматтарға кәсіби әрі қауіпсіз көмек көрсетуді көздейді. Заң жобасы мамандарға қатысты бірқатар міндетті талаптарды енгізіп, жұмыс істеудің ортақ ережелерін бекітпек. 

Депутаттар «Психологтар туралы» заң жобасын қарастыруды бастады. Бұл заң  мамандардың қандай ережелер бойынша жұмыс істеу керегін, олардың қандай міндеттері мен жауапкершілігі болатынын айқындайды. Сондай-ақ заңда психолог болу үшін қандай білім мен дайындық қажет екені, жұмыс істеу ережелері көрсетіледі.

ҚР ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢЫ
«Психологиялық қызметті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе медициналық білімі бар, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кемінде 900 сағат қайта даярлаудан өткен, психологиялық қызмет бағыттары бойынша орталық мемлекеттік органдар белгілеген тәртіппен біліктілігін растаған және психологтардың мемлекеттік тізіліміне енгізілген адамдар жүзеге асыруға құқылы».

Егер заң қабылданса, психологтар әр бес жыл сайын біліктілігін арттыруға міндеттеледі. Сондай-ақ, оларға ем тағайындауға және психоактивті әдістерді қолдануға тыйым салынбақ. Кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу тек ата-анасының келісімімен ғана болуы мүмкін. Ал кеңес беру басталар алдында клиенттен міндетті түрде ақпараттандырылған келісім алынуы қажет.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы кезде психолог көмегіне жүгінетіндер көбіне арнайы білімі жоқ блогерлерге барып жүр. Дегенмен кәсіби орта өкілдері жаңа талаптар қиындық туғызбайды дейді. Өйткені мамандардың басым бөлігі қазірдің өзінде осы стандарттармен жұмыс істеп келеді.

АНАСТАСИЯ УТИНА, ПСИХОЛОГ: «Бұл заң жобасы тек кәсіби психологтардың жұмысын қолдап қана қоймай, олардың қызметін заң аясында нақты реттеуге мүмкіндік береді. Менің ойымша, бұл заң халыққа да пайдалы болады, өйткені енді адамдар тек білікті және арнайы дайындықтан өткен мамандарға ғана жүгіне алады. Бұл өте маңызды, себебі психологиялық денсаулық – адамның жалпы денсаулығының бір маңызды бөлігі болып табылады».

Сондай-ақ мамандар психологтардың біліктілігіне ерекше көңіл бөлу керегін айтады. Себебі қазір олардың кәсіби деңгейін қалай бағалайтыны, қандай жолмен тексерілетіні белгісіз болып тұр. Яғни, заң болса да, психологтардың шынайы дайындық деңгейін анықтау мәселесі әлі шешілмеген.

ГЕРМАН ВЛАДИМИРОВ, ПСИХОЛОГ: «Бұл мәселе кем дегенде 10 жылдан бері талқыланып келеді. Сол аралықта кейбір шағын қауымдастықтар біліктілікті бақылауға тырысқанымен, нақты өзгеріс болмаған. Депутаттардың осы мәселені көтеруі дұрыс, оларды құптаймын. Алайда депутаттардың ішінде шынымен кәсіби психолог бар ма? Яғни ұзақ уақыт оқып, тәжірибеде жұмыс істеп, психологияның барлық қиын тұстарын білетін маман бар ма? Кейде салаға беделі бар немесе байланысы мықты адамдар араласуы мүмкін, бірақ олардың барлығы шынайы маман емес. Сондықтан заң жобасын дайындағанда тек білікті мамандар ғана сөзге қатысуы қажет, әрі шешімдер солардың тәжірибесіне негізделуі керек».

Сарапшылардың айтуынша, бұл заң жобасы өте қажет. Психикамен жұмыс істеу — үлкен жауапкершілік, сондықтан оны кез келген адам емес, тек дайын және тәжірибесі бар маман жүргізуі тиіс. Мұндай маман адамдарға шынайы көмек көрсете алады және психологиялық тұрғыдан зиян келтірмейді.

Ботакөз Әнуар