Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары мегаполис тұрғындарымен кездесті. Олар Ақжар мөлтек ауданына барып, жергілікті жұртшылықтың көкейіндегі мәселелерді тыңдады. Халық қалаулылары кейбір түйткілдерді шешуге мүмкіндік бар екенін айтса, енді бірінің күрделі екенін жеткізді.
Ақжар мөлтек ауданында тұратын халық сасық иіске тұншығып отыр. Тұрғындардың сөзінше, бұған маңайдағы қоқыс полигонында қалдықтардың ашық түрде өртелуі себеп. Соның салдарынан мұндағы жұртшылық таза ауадан қағылып, денсаулығына алаңдай бастаған. Бұдан бөлек, нәжіс суының төгілуі жағдайды одан сайын ушықтырып тұр екен.
«Жазда да осы. Күзде де говновоз төгеді да. 1-2 күнде боқтың иісі келіп тұрады. Желмен болсын, былай да болсын. Терезе аша алмай қаламыз»
Ауаның ластануынан бөлек, бұл аумақта ауыз су мәселесі де шешілмей келеді. Тұрғындар бұл таза су тапшылығынан да әбден қажығандарын айтады.
МҰХТАР АҚБЕРДИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бесшоқы көшесінде тұрғындар келді. Одан алдыңғы Дарқоңыр көшесінде орналасқан 3 колодец арқылы уақытысында тұрғындар 20-лық, 15-тік шлангамен өздеріне ауыз су жүргізіп алған. Сол Бесшоқы көшесіне су құбырын жүргізіп беру»
Ақжар тұрғындары бұл мәселелерді бүгін депутаттарға жеткізді. Халық қалаулылары көтерілген түйткілдерді мүмкіндігінше шешуге уәде берді. Дегенмен тұрғындар көтерген кейбір мәселелердің оңайлықпен шешіле қоймайтыны да айтылды.
ҚАЙРАТ ИМАШЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Телевышканың маңайы бар ғой. Сол жерде жер телімдері кезінде беріліп кеткен. Сол жерге үйлер салынып кеткен. Сол құжаттарды заңдастыру мәселесі өте үлкен проблема болып тұр. Өйткені телевышканың маңайы өзінің заңға сәйкес шектеулері бар. Сол себепті үйдің құжаттарын заңдастыру мәселесі талқыланып жатыр. Тиісті басқармаларды жиып біз өткен жылдың ортасында жиын өткізіп талқылаған едік. Ол бойынша жұмыс әлде де жалғасып жатыр»
Жиында Ақжар халқы жолдың жайын да қозғады. Депутаттар тұрғындардың уәжін тыңдап, көтерілген түйткілдер назардан тыс қалмайтынын айтты. Ал сауалдардың нақты шешімі қала әкімдігінде қарастырылмақ.
Лаура Бабас







