Астана төріндегі болашақ энергиясын өндіретін тың технологияларды көргісі келетіндер күн санап көбейіп келеді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ашылғалы бері 2 млн 100 мыңнан астам халық көрмені тамалашалап, тарихи оқиғаға өз үлестерін қосты. «Болашақтың энергиясын» өз көзімімен көріп, келешектің кемел болатынына көз жеткізген, жаһандық көрмемен танысып қайтқан жерлестеріміз ең ерекше əсер сыйлаған елдердің павильоны туралы ақпараттармен бөлісті.
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең үлкен аумақты алып жатқандар павильондардың қатарында Түркияның ұлттық павильоны бар. Ғимараттың жалпы аумағы — мың шаршы метр. Бауырлас елдің өкілдері барлық келушілерді «Жаһандық синергия» тақырыбында әзірленген экспозициялармен таң-тамаша қалдырады. Жұртшылық назарына Түркия жеріндегі барлық минерал көрсетіліп, баламалы энергия саласындағы жаңа технологиялар ұсынылды. Мұндағы жаңалықтардың барлығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Павильонда Анадолы табиғаты интерактивті түрде көрсетілген. Кешенді аралап жүріп, теңіздің үстімен келе жатқандай күй кешесіз дейді шымкенттіктер.
Бауыржан Жүсіпов, қала тұрғыны: «Барлық павильондарды аралап үлгермесем де көрген бірнеше елдің мәдениеті мен жаңа технологиялары таң қалдырды. Мәселен Түркияның 7 бөліктен тұратын павильонына кіргенде ең алдымен су диірмені қойылған. Ал кейінгі бөлігінде Түркияның мәдениеті, қаласы және тарихы көрсетіліп тұрады. Басқа бөлмелерінен пайдалы қазбалары тұралы да ақпарат алуға болады. Өзім бауырлас Түркия елі туралы көп мәлімет алдым. Жалпы, барлық мемлекеттің ұсынған технологиялары қатты қызықтырды.»
Ал Люксембург ғалымдары ғарыштан қуат алу мәселесін көтеріп отыр. Тіпті, Қазақстанмен бірге осы бағытта бірнеше жобаны жүзеге асыруды ойластырып отыр. Люксембург халқының жер бетіндегі жетістіктерді түгел саралап, баламалы қуат көздерін пайдалануды біршама жүзге асырғаны байқалады. Павильонда алты қырлы құрылғымен безендірілген дәліз бар. Негізгі аймақта үш интерактивті станция орналасқан. Екінші қабатта VIP-тұлғалар тұрақтайды.
Балжан Құралбекова, қала тұрғыны: «Мен ЭКСПО көрмесіне баруды қатты армандадым. Әрине, ең бірінші өзіміздің » Нұр әлем» павильонын көріп, ерекше әсер алдым. Өте керемет. Оның сыртқы көрінісінің өзі басқаларға қарағанда ерекше болды. Және маған ерекше ұнағаны — «Ұлы жібек жолы» павильондары. Ол жерде сондағы мемлекеттердің ұлттық көрмесі болды. Олар өз ұлтының ерекше заттарын, бұйымдарын, ыдыстарын, әшекейлерін алып келді. Одан бөлек Тайланд елі таң қалдырды. Олар жүгеріден энергия алады екен. Табиғатқа зиянын келтірмейтін түрлі заттардан, қарапайым өсімдіктерден энергия алуды көздеген.»
Бұдан бөлек Балтық жағалауынан келген ғалымдар да халықаралық көрмеде жаңартылатын энергия көздері бойынша жетістіктерін көбірек көрсетті. Олардың ең басты жобаларының бірі — лазерді ғылымда пайдалану. Әлемдегі әр оныншы лазер дәл осы Литвада жасалады екен. Сонымен қоса қуаты аса жоғары батареяларды да алып келген. Еске салайық, ЭКСПО-2017 көрмесі 10 қыркуйекке дейін жалғасады. Ал осы тұста айта кетер жайт, көрмеге келушілер ең көп бас сұғатын нысан — «Нұр Әлем» сферасы. Одан кейін қонақтар коммерциялық павильондар мен «Шелл» балалар зертханасына көп барады екен.
Гүлжан Байназарова