Жәрмеңкедегі баға базардан арзан емес

288
Жәрмеңкедегі баға базардан арзан емес

«Бағасы базардан да шарықтаған жәрмеңкеден үнем жоқ!» Шымкентте әр сенбі сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне келген зейнеткерлер осылай деп ашынады. Олардың наразылығын тудырғаны – көкөніс пен жеміс-жидектің өлкесі атанатын Оңтүстікте баға қымбат. Тіпті, жиын-терім қызған шақта да нарық ауыздықтатпай барады. Мәселен, өткен жәрмеңкеде қиярдың келісі 120 теңге болса, бұл жолы 280-300 теңге бір-ақ шарықтаған.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіндегі бағаларға көңіліміз толмайды дейді зейнеткерлер. «Оңтүстік өңірінде тұрып, қиярды жазда 250-300 теңгеден сатып аламыз. Ет өнімдерінің бағасы да базардағы бағадан едәуір қымбат» дейді тұтынушылар. Татьяна Одноплескованың уәжі – 45 мың теңге зейнетақы неге жетеді? «Әлі жылу маусымы басталған жоқ, ал тарифтер бірінен соң бірі көтерілуде. Жергілікті билік қайда қарап отыр?» дейді.

Жәрмеңкедегі бағаларға мониторинг жүргізетін қала әкімдігінің мамандары бағаларды реттеуге келгенде қауқарсыз. Өйткені мұнда шаруалар нарыққа қарап бағаларын белгілейді дейді олар.

Облыс әкімдігі жанындағы тұрақтандыру қорының күзде жұмысын бастайтынын ескерсек, бағаларды жергілікті билік реттеуі тиіс деп есептейді тұрғындар. Алманың келісі 450, сәбіз 120, пияз 80 – 110 теңге аралығында, қызанақ 150 теңге, ал қиярдың келісі 280-300 теңге төңірегінде. Қарабұлақтың картобы 60 пен 90 теңгеден сатылып жатса, павлодардыкі – 100-120 теңге. Жыл бойы егіншілік еткен шаруалардың бағаға қатысты айтары бар.

Өз өнімін сатып жатқан шаруаларды жәрмеңкеден бірден байқайсыз. Қарапайым, орта бағаны ұстанады. Мысалы, мына қатарда жайғасқан ауыл ағайындары өнімдерін базардағы бағадан 15-20 пайызға төмен сатуда. Ал араларында орныққан алыпсатарлар көтерме сауда орындарынан жеткізген өнімдерін өздері белгілеген бағамен өткізуде. Қалалықтардың айтуынша, олар таразыдан да пайда көреді. Дағдарыс кезеңінде бағаны реттеуге депутаттар кіріспесе, жағдай ушығып кетуі әбден мүмкін деген пікір де айтылды.

Зейнетақы мөлшерін азық түлік тауарларының бағасына қарай көтерсе дау болмас па еді. Азаматтардың осы орайда тұтынатын азық түлік тауарларының мөлшерін халық қалаулылары халықтың жағдайын ескеріп барып бекітсе деген аманаты бар.

Шынар Оразова