Отырар мен Түркістандағы негізгі электр желілері жаңартылдыКомпания жаңалығы 

Отырар мен Түркістандағы негізгі электр желілері жаңартылды

Оңтүстікте Отырар ауданы мен Түркістан қаласының бас қосалқы стансаларын байланыстыратын желі түгелдей жаңартылды. Шөлейт пен құмды даланы жалғаған сымның ұзындығы бақандай 76 шақырымды құрайды. Энергетиктер аталған ауқымды тірлікті 2 айдың ішінде тәмамдап үлгерген. Айта кетейік, бұл жұмыстар «Оңтүстік жарық транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Бүгінде облыстың аудандарындағы халық белсенді. Оған шағын және орта кәсіптің өркендеуін қосыңыз. Осыған байланысты аудан-ауылдардағы қалың қауымның электр энергиясына деген сұранысы да анағұрлым артып отыр. Осы мәселеге ден қойған «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС өзінің 110 киловольттық № 169 желісін түгелдей жаңартуға бел буды. Инвестициялық бағдарламаның аясында небәрі екі айдың ішінде ұзындығы 76 шақырымды құрайтын су жаңа сым тартылып үлгерді.

Отырар мен Түркістандағы негізгі электр желілері жаңартылды

Сонау 1971 жылы тартылған сымдардың қазір тозығы жетті. Оның үстіне өтімділігі де төмен. Бұған дейін тек 45 мегават қана еді. Оған қоса құстардан келетін кедергі де жетерлік болатын. Әсіресе, ашық дала мен Шошқакөлдің жағалауын жайлаған қанаттылар желінің жұмысына кедергі келтіретін. Әрине, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, аптап ыстықта 76 шақырымдық желіні жаңарту оңай шаруа емес. Жұмысшы бригада оқшаулағыштарды фарфордан шыныға тегіс алмастырып шыққан. Оған қоса құстардан қорғайтын профильдер де орнатылыпты. Енді осының нәтижесінде желінің өтімділігі де сапасы да арта түсті.

Кернеуі 110 киловольттық желіні тарту кезінде жұмысшы бригадаға Түркістан маңындағы теміржолды да асып өтуге тура келген. Бір емес, екі бірдей халықаралық торапты қиып өткен желіні жалғау үшін пойыздардың кестесіне қарай ыңғайлану керек болды. Есесіне қазір небәрі 2 ай ішінде тартылған жоғары кернеулі сымның атқаратын ролі орасан болып отыр.

Енді қазір Отырар ауданы мен Түркістандағы қосалқы стансаларды байланыстыратын желінің өтімділігі анағұрлым артты. Керну мөлшері де тұрақтанды. Айта кету керек, бүгінде «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС инвестициялық бағдарламасы аясында жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде облыстың әр түкпіріндегі елді мекендер және аудан-қалалар электр энергиясымен сапалы да, тұрақты қамтылып отыр.

Мақсат Жақсыбаев

Жарнама негізінде.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz