Сая Қасымбек, драматург: «Ж. Шанин – тұңғыш қазақ театрын ашқан тау тұлға»

1195

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы – Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек.

Соңғы кездегі соны образыңыз тек күнгей емес, өзге өңірлердегілерді де қызықтырып жүр. Орамалды дәріптеп, насихаттап жүрсіз…

– Орамалды сәндеп салу биылғы жылдың оразасының үшінші күні басталды. Қожа Ахмет Ясауи туралы мультфильмнің сценарийін жазып жатқанмын. Ол тікелей Құранмен байланысты дүние. Хикмет пен Құранның арасын байланыстыру үшін Құранды қайтадан зерттеп отырған кезімде әйелдердің киім кию мәдениетіне тап болдым. Содан бастап «ораза тұтамын, намаз оқимын, жұмысқа келгенде, көшеге шыққанда орамалдан несіне қашамын? Әрі әжемін. Немерем бар, ол маған әже деп тұрған кезде жалаңбас жүргенім қалай?», – деген ой келді. Орамал деген ең алдымен имандылық өз алдына, әйелдік бір әсемдік, әйелдің сымбатыңа сұлулық, нәзіктік қосатын керемет бір әлем ғой. Орамалды әдемілеп орап, әртүрлі әшекей тағынып едім өзіме ұнап қалды. Бүгінде көшеге орамалсыз шыққым келмейді. Елуге жақындап, егделікке бет бұрған әйелдерге жинақылық, инабаттылық қосады. Қоршаған ортаның өзіңе деген сый-құрметін байқап жүрмін. Ілтипат деген керемет. Одан кейін тіпті ұнап қалды.

Биыл театр өнерінің негізін қалаған Жұмат Шаниннің туғанына 125 жыл толып отыр. Тау тұлғаның қазақ өнеріне, қазақ мәдениетіне қосқан үлесі орасан… Мәскеуге сапары барысында Ж. Шаниннің Аян атты баласының көз жұмғаны туралы әріптестерінің естеліктері бар. Сол жөнінде айтып өтсеңіз…

– 1927 жылғы алғаш рет қазақ өнер иелері, мәдениет қайраткерлері Мәскеуге этноконцертке барған. Елубай Өмірзақов ағамыз өз естелігінде былай жазады: Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, қазақтың тұңғыш актрисасы Жанбике Шанина (Ж. Шаниннің әйелі) пойызда кетіп бара жатқанда алты айлық Аянға суық тиіп Мәскеуге бір сөтке қалғанда шетінейді. «Баланы арулап жерлеу керек, елге қайтайық» деген әріптестеріне Жұмат Шанин «Қазақ өнерінің Мәскеудегі тұңғыш концерті болайын деп жатқанда… олар естісе қайтарып жібереді. Неде болса білдірмейік, барған соң көрерміз» дейді.

Ж.Шаниннің өнерге деген махаббатының ерендігі, жанкештілігі соншалықты осындай ерлікке барады. Бұл өнер жолындағы жанкештілік. Мәскеуге жеткенше Жанбике құшақтап отырады. Барған соң қонақ үйдің суық бөлмесіне жатқызып қояды. Ертеңіне қазақ өкілеттігі арқылы Құрманбек Жандарбеков, Жұмат Шанин, Елубай Өмірзақов үшеуі мұсылман зиратына апарып жерлейді. Баланы жерлеуге кеткенде В. Затаевич қазақ өнер майталмандарын суретке түсіріп кетеді. Осы тарихи суретке үшеуінің түспей қалуының сыры осында. Жанбике баласын жерлеген күні сахнаға шығады. Тас емшегін жібіткен баласын жерлеген күні оның жоқтау айтуға мұршасы болмайды. Театр шынайы өнер иелерінен осындай құрбандықты талап етеді. Шынайы өнер иелері осындай құрбандыққа шімірікпестен барады. Өйткені өнерді өзінен биік қояды…

Ж. Шанин әулетімен өнер иелері. Алғаш 1924 жылы өзінің «Торсықбай» атты пьесасын жазған. Оны Семейде сахналаған. Ол кезде қайбір әртіс бар, ойдан, қырдан жинақтайды. Ол кезде қазақтардың сахнасы жәрмеңке. Жәрмеңкеге келген Әмірені алғаш тыңдап, Исаны естіп, Серке Қожамқұловтың өнерін тамашалап, бәрін жинақтаған Ж. Шанин атамыз. Осы жәрмеңкеде 1924 жылы «Есаймақ» деген топ ұйымдастырады. Ол кезде драматургия деген ұғым жоқ болған. Бізде поэма бар, эпос бар, ауыз әдебиеті керемет жетілген. Бірақ жазу әдебиеті жоқ. Ол кездері драматургия да жоқ. Қазақ әдебиетінде тұңғыш драматругияда алғаш қалам тартқан Ж.Шанин болатын. Ол алғаш болып театр ашты. Театрдың негізгі қорегі – пьеса. Ол кезде пьеса жоқ. Сондықтан ол «Торсықбайды» жазуға мәжбүр болды. Бүгінгі талап биігінен қарасақ әрине ол драматургиялық канонға онша келмейді. Бірақ тап сол кездегі қажеттілікті өтеді.

Кеңес өкіметінің енді орнаған кезеңдері ғой Ж.Шаниннің театр ұйымдастырып жатқаны жоғары жаққа жетіп, «Социалистік Қазақстан» газетіне хабарландыру береді. Сол арқылы Ж.Шанинді Қызылордаға шақыртып, алғаш театр ашады. Бірақ не ғимараты, не декорациясы, не костюмдері жоқ. Үш-төрт жылға дейін жалақы алмай жұмыс істейді. Базарға барып жүк арқалап, мал базарға барып, малын сатысып тапқан ақшасын талғажау ете жүріп кешкісін қойылым қойып, түнімен келесі спектакльге дайындалған. Осының бәрінің басында театрға деген махаббаты шексіз Ж.Шанин тұрған. Ол кісі ән де айтқан, скрипка да тартқан. Ресейдің театртанушылары «қазақтарға театрдың керегі қанша, олар ойнай алмайды», деген сын пікір айтыла бастайды. Алғашқы қойылымынан кейін. Өте намысқой кісі болған. М.Әуезовке «Айман Шолпан» операсын жаздырып алғаш қойған да Ж.Шанин.

1936 жылы Мәскеуде қазақ өнерінің мәдени онкүндігі өткен. Жамбыл атамыз, Күләш Байсейітова барған. «Қыз Жібек» операсын қойып, Мәскеуді дүр сілкіндірген. Құрманбек Жандарбеков мұздай су ішіп қойып тамағы ауырып қалады. Жоғары дауыста шырқайтын кезде дауысы жетпей, қарқылдап күліп жібереді. Ол қарқылдаған дарақы күлкі емес, ноталық стильде білдірмей жібереді. Ж.Шанин мен сол кездегі Мәдениет министрі Темірбек Жүргенов екеуі жаны бір тарының қауызына сыйып кетеді. Өйткені Сталин көріп отыр… Құрманбек ағамыз керемет ойнап шығады. Мәскеуліктер бәрі риза болып, орындарынан тұрып қол соғады. Онкүндік аяқталғанда Сталиннің алдына қазақстандық делегацияны мараптаттау үшін тізім апарады. Құрманбекті тізімнен алып тастауға қимай ең соңына жазып қояды. Сонда Сталин «мені риза қылған молодец қайда?» деп сұрайды. Сахнада шеберлікпен жымын білдірмей жіберген Құрманбек Жандарбеков осылайша «Еңбек қызыл ту» орденінің иегері атанады…