«Күздік гүлдерді отырғызудың да өзіндік құпиясы бар…»

1434

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы — облыстық экологиялық орталығының қосымша білім беру педагогы Ғазиза Мұстафина.

— Күз мезгілінде қандай гүлдерді егуге болады?

— Күздік гүлді жапырақтарды жинап біткеннен кейін өзімізге керекті жерге отырғызу қажет. Көктем ерте шыққанда жайқалып өсіп тұрғаны қандай әсем көрінеді. Күзде қызғалдақтарды, нарцис, барқыт, пиязшық гүлдерді егеді. Өйткені олар суыққа төзімді. Күзде отырғызылған гүлдер көктемде ерте бүршік атып, тез гүлдейді. Күзгі мезгілде раушанды қырқуымыз қажет. Оны қырыққан кезде түбінен 30 сантиметрдей қалдырамыз да бәрін кесіп тастаймыз. Ол раушан гүлінің көктемнен күзге дейін әдемі жайқалып өсіп тұруы үшін қажет. Барқыт гүлдерді егер кезде топырақты дайындап, ұрықты көбірек себу керек. Кейбір дәндер өнеді де, кейбірі шіріп кетеді.

— Мамандардың айтуынша күздік гүлдерді қараша айында отырғызу қажет екен…

— Топырақ суыған кезде гүлдерді еккен жақсы. Гүл тұқымы шыдамды болып келеді. Жылы кезде ексек онда ерте бүршік жаруы мүмкін, бірден суық болғанда тамыршықтары шіріп кетеді.

— Қандай топыраққа отырғызған дұрыс? Өткен жылғы топыраққа биыл тағы да отырғызуға болады ма?

— Нарцисті отырғызуға болады. Ал қызғалдақ отырғызғанда қосымша қорек беруіміз керек. Жаңа шіріндіні қолдануға болмайды. Биогумус дайындағанда қара шірінді топырақты бетіне сеуіп қойсақ, жақсы болады.