Күзде жөндеуден өткен көпқабатты үйдің шатырынан су кетті

193

«Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің шатырынан су кеткен. 3 күн толассыз жауған жаңбырдың суы қазір тұрғын үйдің бесінші қабатына дейін жеткен. Тұрғындар қолқаны қапқан ылғалдың иісін былай қойғанда, электр сымына су тиіп өрт шығып кетпесе деп алаңдап отыр.

Руслан Джиоев «Нұрсәт» шағынауданындағы 9 қабатты тұрғын үйдің бірінде 2014 жылдан бері тұрады. Айтуынша, өткен 3 күн бойы толассыз жауған жауын-шашын салдарынан үйге әбден су өткен. Дегенмен, бұл бірінші рет болып отырған жоқ. Руслан Джиоев 8 жыл бойы жаңбыр жауған күндері тыныш ұйқыдан қаламыз дейді.

Руслан Джиоев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Сегіз жыл болды тұрып жатқанымызға, жыл сайын ремонт-ремонт, жарайды ғой ремонтты қоя берші, мына суға бала-шағам тисе тоқ ұрса сол ғой бәле. Міне, мынаны тессең су шығып жатыр. Келеді, өтірік істейді, кетеді, қайтадан жаңбыр болғанда бәрібір сол».

Шатырдан кеткен су 9 қабатты үйдің тіпті, 5-ші қабатына дейін өтіп келген. Тұрғындар соның салдарынан үйдегі ауа ылғалданып, жағымсыз иіс шығып жатқанын айтады. Наразы жұрт бұлай жалғаса берсе, балаларды ауыртып алудан қорқамыз дейді.

Жанар Мырзапейісова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен 5 қабатта тұрамын. Түнімен өстіп су өтіп жатыр. Тарсылдаған су не дыбыс деп, көршілерден су кеткен шығар деп. Сөйтсем жаңбырдың суы екен. Бұл электр тогына жетуге сәл қалды. Жылда осы болады. Қатты өтіп бара жатыр. Түнімен тарс-тарс етіп мына жақтан дыбыс шығып жатыр, бала-шаға жатады осы бөлмеде».

Көпқабатты үйдің тұрғындары жаңбыр жауған күндері көп жағдайда жарықсыз қалатын көрінеді. Олар бір күні электр сымдарына су өтіп, өрт шыға ма деп алаңдауда.

Гүлмира Дунаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үйге су өтеді свет өшіп қалады, жылда сондай. Ешкім келіп көрмейді, ешкімнің жұмысы да жоқ».

2013 жылы пайдалануға берілген бұл үйдің тұрғындары баспаналарын жыл сайын жөндеуден өткізеді екен. Қазір көпқабатты үйдің тек шатырынан ғана су кетіп жатқан жоқ, жертөлесі де жаңбырлы күні суға толады. Тұрғын үй төрайымы аталған мәселе бойынша жауапты орындарға бірнеше рет шағымданған екен. Алайда, еш нәтиже болмаған.

Рабила Джалилова, үй комитетінің төрайымы: «Балалар үйі мен келешегі жоқ ауыл деп берген бізге. Елбасшысының 2020 бағдарламасымен алғанбыз. Маған 40 млн. бөлінді деген, ақыр аяғында жұқа қылып істейміз деді. Сондағысы сол менің шатырым істелінген жоқ. Қазір су өтіп тұр. Халық үстерінен су өтіп қожанасыр болып отыр ғой. Бүгін міне түнімен жаңбыр жауды. 5 этажға дейін су ағып, қазір тұрғындар әбіржіп жатырмыз. Соны орнына істеп берсін!».

Мәселенің шешімін іздеп қалалық тұрғын үй басқармасына хабарластық. Бірақ жауаптылар шатыр тұрғын үйдің сметалық құжатына кірмейді дейді.

Мадина Баймаханбетова, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының баспасөз хатшысы: «Өткен жылы ағымдағы жөндеуден фасад және подъезд өткізілген. Сметалық құжаттамасында бұл қарастырылмаған болатын. Тұрғын үй басқармасының мамандары тұрғындармен келіссөз жүргізілді. Алдағы уақытта бұл үй бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуі үшін бюджеттік өтінім ұсынылатын болады».

Бұл жауапқа тұрғындар қанағаттанған жоқ, әрине. Себебі бюджеттік өтінім ұсынылған уақыттан бастап, жобалық-сметалық құжат дайын болғанша біршама уақыт қажет. Ал тұрғындар алдағы жаңбырлы маусымда шатыры тесік үйде қалай күн көреміз деп уайымдап отыр.

Гүлдана Дәурен