Мәртөбедегі жұмбақ өлім…

297

18 қараша күні Мәртөбе елдімекенінің тұрғындары жедел жәрдем мен құтқарушыларға хабарласып, көмек сұрайды. Олар көрші үйдегі адамдардан бір тәуліктен астам уақыттан бері хабар жоқ деп қоңырау шалады.

Осындағы үйлердің бірінде екі адамның денесі табылған. Олар Өзбекстан азаматы болып шықты. Анықтау барысында марқұмдардың денесінен қинап өлтірудің белгілері табылған жоқ. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, бұл жағдай туралы полицейлерден естіген.

«Оқиға орнына Қаратау полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге келген құтқарушылар есікті ашып, ішке кіреді. Құрылысы толық аяқталмаған 2 бөлмелі шағын үйдің едені жоқ. Жуыну бөлмесінде газ колонкасы тұр, оған 50 литрлік пропан газының баллоны жалғанған. Жанында тағы бір осындай 50 литрлік баллон тұр.

Құтқарушылардың айтуынша, барлық бөлмеден пропан газының өткір иісі шығып тұрған. Марқұмдардың екеуі де 1982 және 1998 жылы туған Өзбекстан азаматы екен. Денені қараған дәрігерлер олардың уланудан мерт болуы мүмкін екенін айтқан. Дегенмен, неден уланғаны әзірге белгісіз.

Бұл ауданға әлі табиғи газ желісі қосылмаған. Сондықтан адамдар баллондағы газды пайдалануда. Сондықтан біз газ шаруашылығының мамандарын шақырмадық» дейді Шымкент қалалық төтенше жағдай басқармасының бөлім бастығы Қанат Бағияров.

Осы жағдайды естіген газ таратушылар оқиға орнына келіп, үйді көріп шықты. Мұндағы адамдар пропан газын қолданған. Және су жылыту құралына газ баллоны жалғанған. Ал бұл — қауіпсіздік техникасын сақтамау.

Әзірге марқұмдардың денесі қайғылы жағдайдың барлық себеп-салдары анықалғанша Шымкентте. Қазіргі таңда иіс газымен улану, тұншықтыру және сапасыз алкогольмен улану секілді нұсқалардың барлығы тексерілуде.