«Ең қиыны – баланың денесін судан алып шығу». Құтқарушы-сүңгуір әңгімесі

878

Суға кетіп, демі үзілген балақайлардың саны жылдан жылға артып жатыр. Мәселен, былтыр жыл басынан бері облыс аумағында суға тұншығып, көз жұмғандардың саны бесеу болса, оның төртеуі бала. Ал биылдың 5 айында – 7 адам, оның ішінде 5 жасөспірім суға батып кетті. Суға батудың себебі көп Оңтүстікте шомылу маусымы басталып кетті. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел құтқару қызметі мамандары суға түсуге асықпауға кеңес береді. Себебі, күн райы қызғанымен судың температурасы әлі салқын. Буыны қатпаған баланы айтпағанда, мықты жүзе білетін ересектердің өзі суға батып кетуі мүмкін. Төтеншеліктердің айтуынша, жұрттың дені мұндай ескертулерге құлақ аспайтын көрінеді. Әсіресе, демалуға барып, ішімдік ішіп, масаң күйде суға түсетіндер. Қауіпсіздік шараларын сақтамаған олар судың құрбанына айналады. Қап, әттеген-айы, суға тұншыққандардың көшін балақайлар бастап тұр. Бұл – өкінішті жағдай. Біріншілері өз жауапсыздығынан суға кетсе, екіншілері абайсызда тілсіз жаудың құрбанына айналады. Суға жиі бататындардың қатарында балықшылар да бар. Балық аулап, отбасын асырап жүрген талай азамат пен тепсе темір үзетін жас жігіттер суға кетіп, көз жұмады екен. Қайғылы жағдай балықшылардың да сақтық шаралары мен қауіпсіздік ережелерін сақтамағанынан болады. Орынбасар Төртбаев – Біз үнемі үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Соны тыңдайтын құлақ болса ғой, шіркін. Ішімдік ішіп суға түсуге болмайтынын білсек те суға түсеміз. Суда ойнауға болмайтынын білсек те бір-бірімізді батырып ойнаймыз. Тірліктен босамай баладан көз жазып қалатынымыз тағы бар. Балық аулауда сақтық шарасын сақтау керегін біле тұра, сақтамаймыз. Ал мұның соңы осындай қайғылы жағдайға әкеледі, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару қызметінің бастығы Орынбасар Төртбаев. «Су жұттым» дегенше… Оның айтуынша, суда өзін балықша сезініп, жақсы жүзетін талай жігіт судан ажалын тапқан. – «Неге дейсіз бе? Мұның бірнеше себебі бар. Яғни, суға құлағанда жарақаттанып қалуы мүмкін. Егер басын ұрып алса, есінен танып, батып кетеді. Мұздай суға түскенде аяқтың тамыры тартылып қалуы мүмкін. Сондайда денесі тырысып, жүзе алмай су астына кетеді. Ендібір себеп – жоғарыда айтқандай ішімдік. Мас адам шамасын білмей терең жерге дейін жүзіп кетуі мүмкін. Кейде аяғы тайып, не шаршап, ақырында жанұшыра су жұтып қояды. «Су жұттым» дегенше «суға кеттім» дей беріңіз. Үшіншісі – киім. Мәселен, балықшының аяғына киетін резеңке етіктің біреуіне 15 литр су сыйып кетеді. Өзіңіз ойлап қараңыз, екі аяқтағы етікке 30 литр су толса, бұған үстіндегі киімінің салмағын қосыңыз. «Осындай да аяқ киімін шешіп тастауға болмай ма?» деген сауал туындайды. Резеңке аяқ киімге су кіргенде ішінде вакуум пайда болып, аяқ кептеліп, шешілмей қалады. Осылайша екі қонышынан кірген су оны өзімен бірге тереңге тартып әкетеді» Су адам таңдамайды Түсінгеніміз тілсіз жау жас пен жыныс, мерзім мен күй талғамайды. Жыл он екі айда бола береді. – «Бәле аяқ астында» демекші қайғының қашан келетіні белгісіз. Сондықтан «суға бату тек жазда ғана болады» деген түсінік қалыптаспауы керек. Мәселен, қаңтар-наурыз аралығында суға кетудің бес оқиғасы тіркелді. Көз жұмғандардың төртеуі бала. Бұған қарап-ақ, «сумен ойнауға болмайтынын» ескерген жөн. Әсіресе, балаларды назардан тыс қалдырмау керек. Балалар – жіберіп қалсаң кез келген жаққа домалап кететін доп секілді ғой. Сондықтан әрбір ата-ана шомылу орнында болсын, не үйде болсын баласынан көз жазбауы керек, – дейді Төртбаев. «Ең қиыны – жас баланың денесін судан алып шығу» Батылдық пен шапшандық. Шыдамдылық пен тәуекел ету. «Бұл қасиеттер құтқарушы-сүңгуірлерге тән» десек артық айтпаймыз. Себебі суға батып бара жатқанды өлімнен арашалап қалу не суға кеткен жанның мүрдесін іздестіріп, табу кез келгеннің қолынан келе қоймайды. Жедел құтқару қызметінің бас құтқарушысы, І санатты құтқарушы-сүңгуір Мұрат Төлеевтің бұл салада жүргеніне 11 жыл болған. Заңгер мамандығын тәмамдаған кейіпкеріміз «заң саласынан гөрі құтқарушының жұмысы жаныма жақын» деп бастады әңгімесін. «2006 жылы құтқарушы қызметіне ерікті ретінде қабылдандым. 1 жылдан кейін штатқа алды. Мұндағылардың көбісінің мамандығы басқа. Сондықтан да «дипломың, тәжірибең жоқ» демеді. Керісінше, қолдан келгенінше жәрдем етті. Білгендерін үйретіп отырды. Біліктілігімді арттыруға көмектесті. «Кемедегінің жаны бір» демекші, бәріміздің мақсатымыз бір. Ол – адам жанын судан арашалау. Суға кеткеннің мәйітін тауып, жер қойнына тапсыруға көмектесу. Сондықтан да біз командада жұмылған жұдырықтай болып, жұмыс істеуге үйрендік» деген Мұрат Төлеев құтқарушы-сүңгуір кәсібінің өте ауыр екенін, оны кез келген адам алып кетуге шамасы жетпейтінін айтады. «Суға батып бара жатқан адамды құтқару бір басқа да, мәйітті шығару бір бөлек. Сүңгуір ретінде алғаш іздестіру жұмысына 2007 жылы қатыстым. Сырдария өзеніне шомылуға барған жас жігіт суға батып кетіпті. Іздестіру жұмыстары 2 күнге созылды. Мәйітті әбден іздестіріп, ақырында таптық. Су астындағы топыраққа көміліп қалыпты. Топырақты қолмен ашып отырып, денесін әрең шығардым. Сол кезде қатты қиналғаным бар. Бірақ, менің командам мықты. Солар өз-өзіме келіп, есімді жинақтауыма көмектесті» – Ең қиыны – судан жас баланың денесін алып шығу. Бірнеше күнге дейін баланың бейнесі көз алдыңнан, ал ата-анасының зар еңіреген дауысы құлақтан кетпейді,-дейді Мұрат Төлеев (жоғарыда суретте). Сүңгуір командасында төрт адам Команда демекші, құтқарушы-сүңгуір Самат Дауловтан (төмендегі суретте) білгеніміз, суға кеткен адам денесін іздестіру шаралары барысында сүңгуірлер команда болып жұмыс істейді. 1 командада 4 адам болады. Біріншісі – жұмысшы сүңгуір. Суға түсіп, іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Екіншісі – қамтамасыз етуші. Ол сүңгуірдің беліне байланған арқан арқылы сүңгуірмен байланыста болады. Үшіншісі – қосымша сүңгуір. Төртіншісі – команда жетекшісі. Ол іздестіру жұмыстарын қалай жүргізілетінін, қай жерде іздеу керек екенін айтып, бағыт-бағдар береді. «Сүңгуірдің арқасындағы кислород толтырылған баллонның салмағы – 25-30 кг. Дұрыс тыныстаса, баллондағы ауа жарты сағатқа жетеді. 1 метр тереңдікке түскенде судың астындағы көру 0-ге тең болады. Демек, сүңгуір ешнәрсені көрмейді. Міне, осындайда командалық жұмыстың септігі тиеді. Команда жетекшісі мен қамтамасыз етуші терең судағы не қалың мұз астындағы сүңгуірдің көзіне айналады. Олар барлық нұсқауды арқан арқылы беріп отырады. Сүңгуір мәйітті қолмен су түбін сипалау арқылы іздестіреді. Кез келген жерді бей-берекет сипаламай, «Галпос» әдісімен, яғни іздестіру аймағын зигзагша жүріп өтеді. Әр 30 минут сайын команда мүшелері кезек-кезек ауысып отырады» Іздестіру айларға да созылады Ол кейбір іздестіру жұмыстарының бірнеше айға созылып кететінін де айтты. Айтуынша, бұл қара жамылған отбасының шешіміне байланысты болады екен. Олар бақсы-балгерлердің айтқанына құлақ түріп, іздестіру жұмыстарына кедергі келтіретін көренеді. «Мәселен, Шәуілдірдегі оқиғаны алайық. Арыс өзеніндегі мұз жарылып, суға түсіп кеткен баланы іздестіру шаралары өте ұзаққа созылды. Мұның да бірнеше себебі бар. Біріншіден – өзен бетіндегі қалың мұз іздеуге кедергі келтірді. Соған қарамастан күні-түні жұмыс істедік. Өзеннің бетіндегі мұзды 2х2 көлеммен әр 10-15 метр сайын тесіп шықтық. Сүңгуірлер әрбір 30 минут сайын ауысып, 20 метр тереңдікте жұмыс жасады. Егер суға кеткен баланың отбасы жұмысымызға араласпағанда іздестіру жұмыстары 2 айға созылмайтын еді. Бақсы-балгердің: «Жақында жатыр. Құтқарушылар өтіп кетіп, таппай жатыр» деген жалған мәліметіне сенген олар іздестіру аймағын кеңейтуге мүмкіндік бермей, бір жерді қайта-қайта қаратты. Соңында мұз ерігенде 7 жасар баланың денесі оқиға орнынан 3 шақырым жерден табылды». Суық судағы дене бұзылмайды Суға кеткен дене 3-4 күнде ісініп, су бетіне қалқып шығады екен. 1 күнде ісінуі де мүмкін. Кейде мүрденің айлап су бетіне шықпайтын кезі де болады екен. Мұның барлығы да судың температурасына байланысты. Су жылы болса, мәйіт тез ісініп қалқып шығады. Мұздай судағы дене 2-3 айға дейін бұзылмай, су түбінде жата беруі мүмкін. Жағалауға шығып қалған мәйіт тез бүлінеді. Көп жағдайда құстар мәйіттің көзін шұқиды. Дене иістеніп, жанына ешкім бара алмай қалады. – Ал біз марқұмның денесін жуып, ақ матаға орап, көлікке салып, ағайын-туысына тапсырамыз,- дейді құтқарушы-сүңгуір Даулов. Облыста қауіпті саналатын, талайдың өмірін жалмаған 3 су көзі бар. Олар – Сырдария, Арыс және Келес өзендері. Бүгінде ОҚО ТЖД Жедел құтқару қызметінде 94 адам жұмыс істейді. Мекемеге қарайтын 3 құтқару бекеті бар. Олар Шардара су қоймасында, Тоғыс және Бадамда орналасқан. Әр бөлімшеде 4 ауысымда 8 адамнан кезекшілікке түседі. Бірақ құтқарушылардың ең алдымен айтары – суға шомылғанда сақтық шараларын сақтаңыз. Қауіпсіздік ережелерін бұзбаңыз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ