Шымкентте адам қаққан көлік жүргізушісі қашып кетті

504
Шымкентте адам қаққан көлік жүргізушісі қашып кетті

Шымкентте белгісіз көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні соғып, мерт қылды. Ауыр соққының салдарынан зардап шегуші оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ал кісі өліміне себепкер болған көлік жүргізушісі қашып кеткен. Бірақ, оқиға орнында машинаның нөмірі түсіп қалыпты. Қазір белгісіз жүргізушіні полицейлер іздестіруде.

Түнделетіп көшеден өтпек болған азамат жолдың арғы жағына жете алмай, мерт болды. Қатты жылдамдықпен келген белгісіз көлік жүргізушісі марқұмды қағып кетіп, оқиға орнынан тайып тұрған. Ал жол апатының куәлері тез арада жедел жәрдем қызметіне хабар береді. Оқиға орнына келген полицейлер тексеру жұмыстарын жүргізіп, ер адамның денесін мәйітханаға алып кетті.

Тәртіп сақшылары қаза тапқан азаматтың 50 жастағы қала тұрғыны екенін анықтады. Енді қазір полицейлер жаяу жүргіншіні мерт қылған көлік жүргізушісін іздеп жатыр. Кісі өліміне себепкер болған көліктің оқиға орнында мемлекеттік тіркеу нөмірі түсіп қалған. Бірақ, соның өзінде күдікті көлік жүргішзушісін ұстау әзірге мүмкін болмай тұр.

Енді көлік жүргізушісі ұсталса, ол екі қылмысты іс бойынша сот алдында жауап беретін болады. Қазір осы істі ашуға байланысты жол-патрульдік полиция қызметінің барлық күші жұмылдырған.