«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонақтары Ш. Қалдаяқов атындағы филармония жанынан құрылған Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Өмірбек Әлібекұлы және оркестрдың бас дирижері Ерлан Нұрғалиұлы:

      – Бүгін айтулы дата. Оркестрдің құрылғанына 15 жыл толып отыр. Шығармашылықта қандай жаңалықтарыңыз бар?

     – 15 жылдыққа жаңа туындылар, жаңа күйлер, жаңа классикалық бағдарламалар дайындап жатырмыз. Сүгір оркестрінінің мерейтойына арналған кеш бермекпіз. Қазақ композиторларының шығармалары, жаңа күйлер орындалмақ.

     – Өмірбек Әлібекұлы, оркестр құрамында кімдер, қандай кәсіби мамандар қызмет етеді?

      – Оркестріміз 2007 жылы сол кездегі әкім Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен ашылған болатын. Мамандарымыз Құрманғазы атындағы консерваторияның, Астанадағы академияның түлектері жұмыс істейді. Бәрі де кәсіби мамандар.

    – Ерлан аға, кәсіби мамандардың қайсысы қандай мамандық иесі?

    – Оркестр құрамында 47 аспапшы бар. Домбырашы 15, қобызшылар 12. Әр маманның өз аспабының шебер орындаушылары.

      – Мамандарды қабылдауда қандай талаптар қойылады?

      – Оркестр бүгінде облыстың бетпердесі деуге болады. Жоғары деңгейдегі мамандар жұмыс істейді. Қабылдау кезінде тыңдау, барлық техникасын тексеріп барып қабылдаймыз. Дыбысты сезу, кәсіби шеберлігі ескеріледі.

      – Мамандар жеткілікті ме?

    – Әрине оркестр ауқымды туындыларды орындаған кезде үлкен күш. 47 маман бар болғанымен одан да үлкен құрам болса деген тілек бар. 50-60 болса. Әр аспаптың өзіндік орны бар. Бас контрабас, қылқобыз, альт қобыз, домбырашыларымыз 15 емес 25 болса, қазақтың күйлері орындалған кезде күмбірлеп жатса ғажап болар еді. Осы құрам да жаман емес. Болашақта кадрлар көбейсе деген арман бар. Құрманғазы оркестрінде 80 адам бар. Шығарманың деңгейінде дыбыстық күші жоғары болады.

     – Өнер ұжымының күй қоржыны қаншаға толықты?

     – Сүгір атындағы оркестр болғаннан кейін бізде Сүгірдің күйі басым. Күйшілік мектеп- мектепке бөлінеді. Оркестрде 500-дің үстінде 700-ге жуық күйлеріміз, әндеріміз, классикалық шығармалар бар. 15 жылдық тарихы бар оркестр үшін жақсы көрсеткіш. Түпкі мақсатымыз Қаратау өңірін, Сүгір атамыздың, Төлеген атамыздың күйлерін орындау, дәріптеу. Осы кісілердің күйлерін келешек ұрпаққа жеткізу.