ОҚО әкімі жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті

635
ОҚО әкімі жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жазушы-драматург Дулат Исабековтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Ұлтын сүйген дара тұлға» атты шығармашылық кешіне келген қонақтармен кездесті. Олардың қатарында мерейтой иесі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық ПЕН клубы және платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабеков, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Бексұлтан Нұржекеев, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері Қазыбек Иса болды.

ОҚО әкімі жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті

Кездесуде сөз алған өңір басшысы мерейтой иесін құттықтап, «Ұлтын сүйген дара тұлға» атты шығармашылық кештің сәтті өтуіне тілегін білдірді.

– Біз Сізді жазушы, драматург, ұлтымыздың болмыс-бітімін сол күйі келешекке жеткізуші ретінде, ұлттық әдебиетіміздің әлемдік деңгейде таныла түсуіне ерекше үлес қосып келе жатқан, өзінің дара жолы бар ел азаматы ретінде мақтан тұтамыз. Биылғы қазан айында Ұлыбритания астанасы Лондон төрінде лордтар палатасында арнайы қабылдау өтіп, «Пьесалар жинағы» кітабыңыздың тұсауы кесіліп, «Аққу жібек» атты пьесаңыздың қойылымының өтуімен Сізді шын жүректен құттықтаймын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

ОҚО әкімі жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті

Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын, тыңнан түрен салған жазушы. Туындыларының әр сөзі тірі, әр сөзі мәңгілік қозғалыста. Дулат Исабеков күрделі заманның төл жазушысы.  Өткен ғасырдың 60-жылдары «Жолда» әңгімесі жарық көріп, кейінен «Бекет», «Ащы бал», «Мазасыз күндер», «Қара шаңырақ», «Тіршілік» повестер мен әңгімелер жинақтары жарық көрсе, 80-жылдары «Қарғын» романы басылып шықты.

Кездесуде сөз алған жазушы Бексұлтан Нұржекеев Дулат Исабековтің қазақ әдебиетін дамытуға қосқан үлесіне тоқталды. Ал ақын Қазыбек Иса халық жазушысының өмір ғұмырдариясынан кеңінен сөз қозғады.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі мерейтой иесі мен қонақтарға сый-сияпат жасап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

ОҚО әкімі жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті

Айта кетейік, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Дулат Исабековтың 75 жасқа толуына арналған «Ұлтын сүйген дара тұлға» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар театр сахнасында республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры артистерінің орындауында жазушының «Мұрагерлер» атты қойылымы көрермендер назарына ұсынылады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі