Шымкенттегі «Отырар» облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында телеарнамызға арналған бұрыш ашылды. Кітапхана ұжымы бұл бастаманы «Отырар» телеарнасының 25 жылдық мерейтойына арнап отыр.
Телеарнаның құрылу, қалыптасу тарихынан сыр шерткен медиахолдинг басшысы Валентина Куприяновна Куликованың әңгімесінен жиналғандар көп мәліметтерді түйді. Телеарнаның бас редакторы Зәуре Оралбаева, жоғары рейтингке ие «Шұғыл шақырылым» бағдарламасымен танымал Данияр Құдайбергенов пен конвергентті редакцияның журналистері Саида Тұрсыметова мен Жанар Есенбекова телеарна тіршілігі туралы айтып берді.
Кітапхана басшылығы мен ұжымының тартуы да аз болған жоқ. Кітапхана басшысы, кәсіби журналист Күлия Айдарбекованың бұл бастамасына телеарна ұжымы да алғысын білдірді.
«Отырар» кітапханасы қызметкерлерінің ұсынысы бойынша «Отырар TV» телеарнасы «Отырар» қалашығына алдағы уақытта бірлескен жоба бастауға уағдаласты. Мұнан бөлек, руханиятқа қызмет етер талай бірлескен жобаны қолға алуды ұйғарды.