Бүгінде дін тақырыбы өте өзекті мәселе айналып отыр. Әсіресе теріс ағымдар сан ғасырлардан келе жатқан рухани құндылықтарымызды жоққа шығарып, кереғар пікір туындатып жүргендердің аз еместігі мәлім. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері түзу жолдан таймай келе жатқан ізгі жолын бұрысқа балап, теріс жолға салуға үндейтіндерге бір тосқауыл болуы керек-ақ. Осы мақсатта Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен дін саласы бойынша ғылыми-конференция өтті.
Елбасы «Жақын арада Қазақстанның исламтанудағы өзіндік моделі жасалады» деген сенімді пікір айтқан болатын. Аталмыш конференция осының жалғасы іспеттес. Келелі басқосуға дін саласында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген теолог ғалымдар мен имамдар қатысты.
Асылбек Әуезханұлы, «Асыл мұрат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Біздің халықтың өзіндік діни жолы бар. Біз аспаннан түсе қалған халық емеспіз. Адасып дінсіз жүрген халық емеспіз. Осы конференцияның тақырыбы «Ислам танудың қазақстандық мектебін қалыптастырудың алғышарттары мен тетіктері» деп аталады. Жан жақтан осы исламтанудың қазақстандық моделін қалыптастыру деген мәселені жан жақты талқылаймыз. Соның негізінде концепция жасап Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне концепциялық ұсыныс жасамақпыз».
Алтынбек Ұтысханұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі: «Бүгінгі конференция еліміз бойынша алғашқылардың қатарында. Оның өзіндік маңызы, өзіндік ерекшелігі бар. Тәуелсіздік алғалы бері жастарымыз дінге бет бұра бастады. Мешіттердегі 99 пайызы жастар құрайды. Бұл қуантарлық жағдай. Атам қазақ «Иманды елді жау алмас» деп, барлық нәрсені иманға тіреп отыр. Бірақ жастардың жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жайы бар. Ғибрат сөздерін, өнегелі өмірін жастардымыздың санасына құю. Қай салада болмасын жан жақты жұмыс істеуіміз керек дегендей бүгінгі конференцияны өткізіп жатқан жайымыз бар».
Тура жолдан адастырмайтын шамшырақ, ұстын болып тұрған Асыл дініміз туралы жауһар ойларын ортаға салып, тазалық, туралық туралы сөз қозғаған теологтардың ғибратын жастар ұйып тыңдады. Мыңның бірінің санасын сілкінтіп, жүрегіне нұр құя білсе аталған жиынның өз міндетін орындағаны.