Қаладағы қоғамдық көлік саны азайып кетті

Қар түскелі қатынас қиындап кетті. Әсіресе, облыс орталығында жолаушылар көлігі сиреп, қоғамдық көліктердің қамту жиілігі күрт төмендеді. Күн сайын шаһар көшелеріне мыңнан астам автобус шығуы тиіс, алайда олардың саны 600-ге азайған. Бүгін көлік бөлімінің мамандары жолға шығып, жолаушылардың жағдайын білуге тырысты.

Жолаушылардың жағдайы мәз емес. Аялдамаларда сағаттап автобус күткен шымкенттіктер тоңып, шыдамы таусылған соң амалсыз таксимен жүруге мәжбүр. Айтуларынша, жер құрғақта амалдап жүргенімен, күн суып, жерге қар түскелі қатынас қиындап кеткенін айтады. Әсіресе, қала сыртындағы шағынаудандарға қатынау тіптен қиынға соққан. Таскен шағын ауданына қатынайтын №44 және 89 бағыттағы автобустардың саны тым азайып, жолаушылардың мазасы қашқан. Ал автобус жүргізушілері мұнысын жолдың тайғақтығы және сұйық отынның тоңып қалуымен түсіндіруде.

Оңтүстікке қыстық салярка әкелмейтінін көлік бөлімінің мамандары жақсы біледі. Бұл – жыл сайын айтылатын мәселе. Бірақ күн жылыда осы мәселенің шешу жолын қарастырған шенеуніктерді әзірге көрмедік. Бұл тек алқымнан алғанда айтылатын желеу болып жүр.

Жарқын Байдуллаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: «Қысқы солярка жоқ, біздің өңір жылы деп есептелгеннен болар, ешқашан қысқы жағармай жеткізілмеген. Көлік компаниялары түрлі тәсілдерді айдаланады.»

Қаладағы қоғамдық көлік саны азайып кетті

Осындай мәселелердің салдарынан болар, бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктердің бағытқа шығу көрсеткіші бар болғаны 68 пайызды құрап отыр. Күн жылына бағытқа шығатын автобустардың саны аздап көбейеді. Тағы бір проблема – көлік компанияларындағы автобустардың көпшілігі жалдамалы, жеке жүргізушілер. Ал олар өз пайдасы болмаса бағытқа шықпайды.

Айта өтейік, бүгінгі таңда 3 компаниямен келісім-шарт бұзылған, жыл соңына дейін өз міндетін дұрыс орындамаған тағы 10 компаниямен келісім бұзылуы мүмкін дейді көлік бөлімінің өкілдері. Ал әзірге 68 пайызды қанағат тұтуымызға тура келеді. Жыл соңына дейін қалаға жаңа 100 автобус әкелінеді деген жоспар орындалса, мәселе оң шешімін тауып қалуы да мүмкін.

Нұрлан Күдерұлы