Жолаушылар көлігіне қатысты қоғамдық тыңдау өтті

493
Жолаушылар көлігіне қатысты қоғамдық тыңдау өтті

Шымкентті Лас-Вегасқа айналдыруды армандаған Ғабидолла Әбдірахымов бастаған жобалардың бірі – қоғамдық көлік мәдениетін қалыптастыру болатын. Өткен айда әкім шымкенттік шенеуніктерді автобусқа мінгізіп, кемшіліктерді теруге және оны жоюға тапсырма берген болатын. Әкім кеткенімен, тапсырма жарты жолда қалмайтыны ақиқат. Қоғамдық тыңдауға келгендер қоғамдық көлік қызметін дамытуды талқылады.

Айта кетейік, қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі ұйымдастырған шараға тұрғындар қатыспады. Есесіне көлік компанияларының басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері келіп, өзекті сауал төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ, өткен айда өткен акцияның қортындысы баяндалды.

Өткен айда арнайы акция жарияланып, қоғамдық көліктің қызметі жіті тексерілді. Қорытындысы көңіл көншітпейді. Күнделікті 550 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсететін 30-ға жуық компанияның басым бөлігінде әлі де қызмет сапасы өз деңгейінде емес деген баға берілді.

Жарқын Байдуллаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: «16-26 қазан күндері рейд өтті. Оның нәтижесі көңіл көншітпейді. 289 кемшілік анықталған.»

Апта бойы қоғамдық автобуспен жұмысқа қатынаған шенділер жерлестері айтатын жайсыздықтармен бетпе-бет кездескен. Кемшіліктердің басын кестеден кешігу бастайды. Кондукторлар мен жүргізушілердің дөрекілігі, тіпті, бас ауруға айналғаны айтылды. Жауаптылар тозығы жеткен қоғамдық көліктер мен олардың тазалығын да сынап өтті. Бұл тізімді жалғастыруға да болады. Мұнымен келіспейтін кейбір көлік компания басшыларына қала тұрғындарының жіберген видео-«сәлемдемесі» көрсетілді.

Айта өтейік, осыдан бір ай бұрын қала тұрғындарын қоғамдық тыңдауға шақырған болатын. Бір ғана азаматша хабарландыруға құлап түріп, тыңдауға әдейі келіпті. Ол өз шағымын ашық жеткізді.

Қала іргесіндегі шалғай шағынаудандарға жету күрделіктерінен хабардар жауаптылар болашақта 10 әлеуметтік бағытта көлік жібермек. Сонда ғана бұл мәселе шешімін табады деп отыр.

Жиында сөз алған қоғам белсенділері жолақыны қымбаттатуға жол бермейтіндерін ашық айтты. Бүгінгі жол жүру құны – 70 теңге. Жауаптылар бұл қаржы көліктерді жаңалауға әбден жетеді деген пікірде. Мұны көлік компаниясының басшылары да мақұлдай кетті.

«Біз жолақысын көтер деп жатқан жоқпыз. Көліктерімізді кезеңімен жаңалаудамыз. Бізді де түсініңіздер. Жанар-жағармай қымбаттады, Қытайдан сапасы нащар бөлшектер келеді. Ия, келісеміз тазалығы сын көтермейтін көліктер, мәдениеті төмен қызметкерлер де бар. Алайда олар да біздің қаламыздың тұрғындары емес пе? Бір-бірімізге түсіністік танытып, туындаған мәселені сабырмен шешуге болады ғой? Көп жағдайда ашуға жол береміз. Сапалы қызмет көрсетіп жатқан компаниялар бүгінде басым. Барлығы жаман деуге болмас. Осы жағына да көңіл аудару қажет сияқты.»

Қоғамдық тыңдауда №125 бағытпен қалаға қатынайтын Жаңаталап ауылы тұрғындарының тілегі де тыңдалды. Үлкен автобус сұраған ағайынның базынасы жуырда орындалып қалуы мүмкін. Сондай-ақ, №39 бағытта қатынайтын қоғамдық көліктің де жұмысы жіті қадағаланатын болды. Келешекте жұмысы оң баға алған компаниялармен 10 жылға келісім шарт созылады. Ал ең төмен көрсеткіштегі көлік компанияларымен келісім-шарт бұзылып, олардың бағыттары муниципалды автопарктерге беріледі.