Санда да санатта да жоқ ауыл. Қазығұрт ауданында жүзден аса отбасы тұратын елдімекеннің атауы жоқ. Не жол, не жарықа жарымай отырған бір қауым ел редакциямызға хабарласып, көмек сұрады. Айтуларынша, ауылдың балалары көршілес елдімекенде орналасқа мектепке барып оқиды. Ең сорақысы, орталықтан шалғайда жатқан ауылдықтарға басы ауырып балтыры сыздағанда жедел жәрдем де жете алмайды екен.
Шымкент-Ташкент тасжолының бойында орналақан бұл ауыл жол құрылысшыларының да назарына тыс қалыпты. Тақтайдай жол төсеп, қақ айырғанда ауылға қатынау бөлігі ескерілмей қалған дейді халық. Орталыққа қатынау үшін тұрғындар айырғыш бөлігін аттап, әрең өтеді.
Ал ауылдың жолдарымен жаңбырлы күні жүру мүмкін емес. Балшыққа батып, белуардан лай боламыз дейді тұрғындар. Халық орталық көшеге әупірімдеп жүріп шағыл тас төсеп алыпты.
Ауылдың екі көшесіне ғана электр бағаналары тартылған. Қалған тұрғындар үйді-үйге өз қаражаттарына қосып алғандарын айтады.
Гүлжан Жамбылбаева қар қалқып, ауызсудың қамын қамдап жүр. Тіршілік нәрін жазда арықтан ажыратса, қақыраған қыста қар суын ерітіп тұтынады. Үш балалы отбасының көмір алуға да қауқары жоқ. Ағашты отын қылып күнелтіп жатыр. Өзбекстаннан көшіп келгеніне он жыл болған тұрғын әлі күнге азаматтығын алмағандықтан, тұрмысы төмен отбасы ретінде ешқандай жәрдемақыға қол жеткізе алмай жүргенін айтады.
Өзбекстаннан көшіп келген 150-ге жуық отбасының осылайша ешқандай коммуналды қызметсіз күнелтіп жатқанына он жылға таяп барады. Жергілікті билік өкілдері 2008 жылы Қызылқия ауыл округіне қарасты 50 гектар жердің оралмандарға аудан әкімі мен мәслихат қаулысымен уақытша берілгенін айтады. Алайда, бұл шешімнің мерзімі бүгінде аяқталған. Меншік құқын беретін заңды құжаттары жоқ тұрғындардың мәселелерін шешуге осы жайт қолбайлау болып отыр дейді әкімдік өкілдері.
Десе де жергілікті шенеуніктер әрекетсіз емес. Қызылқия ауыл окуругіне қарасты елдімекендегі түйткілдердің түйінін тарқату үшін тиісті басқармаға ұсыныс жолдағандарын айтады. Қаржы қаралып жатса, тұрғындар мұқтаждығын шешіп беруге уәде етті.
Мақпал Рысбаева