Оңтүстікте су айдындары қауіпті. Биылғы қыс мезгілінде облыста мұзды суға бату оқиғасының 3 дерегі тіркелген. Төтенше жағдай қызметкерлері бұған қоса қауіп тек судан ғана емес, жолдан да келетінін айтады. Құтқарушылар халыққа қыс мезгіліндегі қауіпсіздікті ескерту мақсатында арнайы брифинг өткізді.
Ауа райының қолайсыздығы жолда жүйткігендер үшін де қауіпті. Жыл басынан бері жолда қалу оқиғаларының 4 дерегі тіркелген. Төтенше жағдай мамандары 29 көлікті қар құрсауынан алып шығып, 90 адамды құтқарып қалған.
Қазір өңірдің қар басу қаупі басым 4 аумағында кезекші топ жұмыс істеп жатыр дейді жауаптылар. Жазатайым жағдайларға жол бермес үшін төтеншеліктер бүгінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда техникаларды күшейтіп, дайын отырмыз деп сендіреді.
Ойыннан от шығады. Өкінішке қарай, пиротехникалық заттардың қаншалықты қауіпті екеніне әр жаңа жылда көз жетеді. Алайда, адам өміріне қауіпті тауардан табыс тауып отырған пысықайлардың жолын кесуде құзырлылардың құрығы қысқа. Әзірге тек ескертумен шектеліп отырған төтеншеліктер белгіленбеген орындарда саудасы қыз-қыз қайнаған пиратехникаларды тәркілей алмайтындарын айтады.
Төтенше жағдай департаменті өкілдерінің сөзіне сенсек, биылдыққа жаңа жылдың шырайын келтіретін де, шырқын бұзатын да бұл заттар әлі күнге ешкімді зақымдай қоймапты. Алайда, мереке алда. Қазір құзырлылар пиротехникалық заттар сатылатын ірі сауда орындарында арнайы рейдтер ұйымдастыруда.
Мақпал Рысбаева