Мақтаарал ауданында «Өрлеу» жобасының аясында кәсібін ашып, әлеуметтік жағдайын түзеп жатқан отбасылар көп. Биылдың өзінде 3046 отбасындағы 18909 адам дәл осы жобаның жемісін көріп отыр. Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Өрлеу» жобасымен қаржы алып, сауда дүкенін ашқан Игамкулова Гулсинай бүгінде отбасын асырап, бала-шағасын бағып отыр. Жоба аясында 472 мың теңге алған ол Елбасымыздың саясатына дән риза. Сол сияқты Кузайдаров Асылбек 567 мың теңге көмекті мақсатты түрде жұмсап, ағаш өңдеп, жиһаз жасау цехын ашып отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Өрлеу» жобасына қатысқандардың 14,9 пайызы, қаржылай көмек алғандардың 22,5 пайызы мақтааралдықтар екен. Аудан бойынша жобадан қаржылай көмек алғандардың 70 пайызы мал шаруашылығымен айналысса, қалғандары құс шаруашылығы, сауда-саттық, өндіріс т.б. кәсіппен айналысуда. Соның нәтижесінде жобаға қатысушылардың табысы 3,4 есеге өскен.
Айта кетейік, биыл бағдарлама арқылы мақтааралдықтар жалпы сомасы 1,4 миллиард теңге қаржылай көмек алған.