Домбыра үні күмбірлеген күн

1115

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтылмаса керек. Өйткені төрінен орын беріп, іліп қоятын қара домбыра халқымыз үшін қашанда қасиетті саналған. Ал қос ішекті күмбірлетіп, қуанышы мен қайғысын, мінезі мен тектілігін, бар болмысы мен жан дүниесін көрсете отырып, төгілте шертіп салатын күйді ата-бабамыз әрдайым ұрпағына мұра етіп қалдырған. Ал бүгінгі ұрпақтың сол байлықты, асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап қана ғоймай, бойына сіңіруі қуантады.

Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері мен оқушылары бүгін ерекше шараны ұйымдастыруға ұйтқы болды. Тұңғыш Президент күніне орай, «Ұлы дала ұландары» атты домбырашылар флешмобы өтті. Адам көп шоғырланған «Шымкент Плаза» сауда орталығында домбырасын қолына алып, күмбірлете күй тартқан 50-ге жуық оқушылардың бұл әрекетіне тамсана да таңырқай қарағандар көп болды. Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Балбырауын», Сүгірдің «Бозінгенін» бір деммен, ерекше леппен тартып, жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлаған кеш болды.

Домбырашылар флешмобын өткізу Зияткерік мектептің оқушылары үшін дәстүрге айналған. Өйткені білім ошағында «100 күйдің тарихы» атты жоба бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы жоба аясында өткенді ұмытпай, бүгінгіні ұлықтауға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады. Айта өтейік, аталған флешмоб бір мезетте Қазақстанның барлық облысындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде өткізілді.