Оңтүстік Қазақстан облысында Астананың 20 жылдығы мерекесіне орай кілемдер көрмесі ұйымдастырылды. «Астана – Тәуелсіздіктің жемісі» атты салтанатты іс—шарада «Бал Текстиль» компаниясы Елорданың 20 жылдығына орай бас қаланың ең ерекше тұстары мен әсем ғимараттары бейнеленген кілемдерін ел назарына ұсынды. Отандық өнімдер қойылған көрмеге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
Көрмеге қойылған кілемдердің біразында Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленсе, қалғандарында Астана қаласындағы келбеті келіскен Ақорда, Байтерек, Хан шатыры, үкімет үйі, орталық мешіт секілді ғимараттар көрініс тапқан. Кәсіпорын басшылығы арнайы дайындалған 20 кілемді жасап шығуға бір апта уақыт жұмсағандарын айтады.
Айта кетейік, бүгінде «БалТекстиль» компаниясы еліміздің тоқыма өнеркәсібін өркендетіп отырған кәсіпорын. Қазіргі таңда мұнда 2 мыңға жуық кілем түрі тоқылады. Жалпы аумағы 6 гектарды алып жатқан фабрика жылына 5 млн шаршы метр кілем шығара алады. 2013 жылы іске қосылған кәсіпорын бүгінге дейін 9 млн шаршы метр кілем шығарып, 6 млн шаршы метр пропилен жібін өндірген.
Сондай-ақ, өңіріміздің суретшілері де Тәуелсіздікке деген құрметін фотокөрме арқылы білдірді. Елбасы мен елордадағы көз тартар көркем ғимараттардың фотосуреттері бейнеленген өнер иелерінің туындылары көптің көңілінен шықты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі