Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде 800 мыңға жуық жастар бар. Ол облыс халқының жалпы санынан 26 пайызын құрайды. Осы жастарымыздың 20 мыңға жуығы Оңтүстік өңіріндегі 306 өндіріс орындарында еңбек етуде.
Мәселен, «Әлем БТ» шұлық шығаратын фабрикадағы ұжымның 90 пайызға жуығы жастардан құрылған. Ал «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Бал текстил» ЖШС, «Стандарт цемент» ЖШС, «Химфарм» АҚ, «Атамекен» корпорациясы» ЖШС-дегі жұмысшылардың 50 пайыздан астамы жастар. Бұл «Бәсекеге қабілетті – жастар» атты облыстық жұмысшы жастар форумында жұмысшы мамандықтары мен техникалық мамандықтарын насихаттау барысында мәлім болды.
Жалпы облыста қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы бойынша мамандығы жоқ азаматтар мен еңбек нарығының сұранысына орай 12 159 азамат мамандық алды. Сонымен қатар, ауыл жастарын қолдап-қуаттау мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен «Әр ауылға өз шебері» акциясы аясында ауылдардағы бірінші кезектегі қажетті мамандар тізімі нақтыланып, 15 мамандық бойынша 9253 азаматқа кәсіптік білім берілсе, олардың 5 150-і жастар. Ал, «Бастау–Бизнес» жобасымен 1 509 азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курстарына жолданса, оның ішінде 369-ы жастар. Бүгінге дейін 790 азаматқа шағын несие берілсе, оның ішінде 247-і жастар болып табылады. Мұның бәрі Елбасының тегін кәсіптік-техникалық білім алуды жүзеге асыру тапсырмасы бойынша орындалуда.
Бұдан бөлек,облыста жастар практикасымен 14 689 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осы уақытқа дейін 6 мыңнан астам маман жұмысқа орналасты. 2017 жылы республика бойынша 3232 жас маманға тұрғын үй беру жоспарланса, оның ішінде 9,3 пайызы немесе 303-і Оңтүстіктің үлесінде. Ал республика көлемінде 5 896 жас маманға бір жолғы көтермелеу жәрдемақысы төленсе, оның ішінде 15,2 пайызы немесе 897-сі осы облыстың жастары. Сондай-ақ, 315 жасқа тұрғын үй берілді.
Жастар арасындағы шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін «Ырыс» микро қаржы ұйымы 100 млн теңге көлемінде кепілсіз несие берілді. Бұл кемінде 50 жастың өз кәсібін ашуға мүмкіндік туғызды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі