«Ұн шығарамыз. Бірақ оны алушыға жеткізе алмаймыз». Ордабасылық диірменшілер осылай деп дабыл қақты. Кәсіпкерлер өндірген өнімін экспортқа жөнелту үшін вагон тапшылығын сезініп отыр.
Бадам ауылындағы «Ордабасы нан» зауыты өндірген ұнын экспортқа шығара алмай отыр. Өйткені, тауар тасымалдайтын вагон тапшы. Өнімінің 70 пайызын Ауғанстан мен Өзбекстанға жөнелтіп келген екен. Тәулігіне 450 тонна бидай өңдейді. Енді соны сыртқа сату мұңға айналыпты.
Биыл солтүстік облыстардан бидай әкелу де, шыққан ұнды тұтынушыға жеткізу де қиындаған. Ал вагондарды «Астық Транс» акционерлік қоғамы береді. Зауыт директорының айтуынша, бұдан бөлек коммуналды тарифтер де қымбаттаған. «Электр қуатына айына 17 млн теңге төлеймін» деген кәсіпкер Оңтүстіктегі коммуналды тарифтер басқа өңірлерден қымбат екенін айтады.
Қазір диірменде 98 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлығы 85 мың теңге шамасында.
Жәнібек Нұрыш