Шымкентте көп қабатты үйлердің бірінде әйел мен үш жасөспірім қайтыс болды. Республика даңғылында орналасқан пәтерде орнатылған газ құрылғысынан бөлек мұржа болмаған. Газ таратушылар осылай деді.

Соның салдарынан 4 және 10, 11 жасар балалар қаза болды. Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов марқұмдардың иіс тиіп уланып қалғанын мәлім етті.

— Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде газдан уланып егде әйел мен 3 бала қаза тапты. Ересектер тарапынан қарапайым қауіпсіздік шаралары сақталғанда төтенше жағдайды болдырмауға да болар еді. Дер кезінде мұржаны тексеріп, орнатып қою қажет еді. Республика даңғылындағы пәтерде қосымша газ құрылғысының бөлек мұржасы болмаған. Өкінішке қарай, сумен жылытылатын көптеген пәтерлерде мұржаны тексере бермейді, — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.

Шенеуніктің айтуынша, қала тұрғындарына мұржа тазалауға немесе автономды болса техникалық қызмет көрсетушілермен келісімге тұрмай, өздігінен газды қолдануға болмайтыны ескертілуде.

— Алайда,тұрғындар мұны адамдардың тағдыры үшін айтып жатқанымызды түсіне бермейді. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, ересектердің немқұрайдылығынан 4, 10 және 11 жасар жеткіншектер мен кейуананың өмірі қиылды. Қалалық әкімшіліктің атынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын. Екіншіден, бұл оқыс жағдайды барлығы өздеріне ескерту ретінде қабылдаса, — деді әкімнің орынбасары.

Ол тұрғындарға мамандарды шақыртып, газ құрылғыларын, мұржаларын тексеруды сұрады. «Қажет болса автономды жүйеден бас тартыңыз» деп атап өтті қала әкімінің орынбасары. Еске салайық, күні кеше Шымкенттегі Республика даңғылы бойындағы көпқабатты үйден үш бала мен егде жастағы әйелдің мәйіті табылған болатын. Олардың өлі денелерін табуға көршілері мен туыстарының дабыл қағуы себеп болған еді. Сарапшылар марқұмдардың қайтыс болғанын үш күн өтіп кеткен деген болжам жасап отыр.