Шымкентте Қазақстан мен Түркияның кеденшілері кездесті

300
Шымкентте Қазақстан мен Түркияның кеденшілері кездесті

Шымкентте Қазақстанның мемлекеттік кірістер комитеті мен Түркияның сауда және кеден министрлігінің арасында екі жақты кездесу өтті. Оның барысында екі ел арасындағы тауар айналымын оңтайландыру және кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Кездесуде екі жақтың өкілдері заңдылықтар жөнінде ақпаратпен бөлісіп, сауданы оңтайландыру бағытында ұлттық заңдарды ыңғайластырмақ.

Бұл Қазақстан мен Түркияның кедендік құрылымдары басшыларының алғашқы кездесуі емес. Соңғы 20 жылда бірқатар келісімдерге қол қойылған. Алайда талқылайтын мәслелер жеткілікті. Бұл жолы екі тарап өкілетті экономикалық операторлардың, яғни, мемлекет халықаралық деңгейде сауда жүргізуді тапсырған компаниялардың жұмысын оңтайландыру бойынша келісім жасауға тырысты.

Дженап Ашджы, Түркияның сауда және кеден министрінің орынбасары: «Өкілетті экономикалық операторлардың бағдарламасын оңтайландыру мәселесі бойынша біз бірінші рет жиынға қатысудамыз. Бұл жұмыс төрт кезеңнен тұрады. Біріншісінде біз келісімге келдік. Қазір екінші кезеңіне өттік. Мұндай форматта кездесулер Түрксой кеңесі аясында ұйымдастырлған болатын. Олар экономикалық және кедендік қарым-қатынасқа байланысты еді. Мәселені шешу жолдарын іздеп, қадам жасаудамыз.»

Биылғы 10 айда Қазақстан мен Түркияның арасындағы сауда айналымы 1,5 млрд АҚШ долларынан асқан. Дегенмен, кеденшілердің мәлімдеуінше, мүмкіндіктер әлі көп. Бұл мақсатта екі құрылыс арасындағы байланысты тереңдету қажет.

Келісім барысында Қазақстан мен Түркия екі елдің оқу орталықтары арасындағы ынтымақтастық жайлы хаттамаға қол қойылды. Келесі қадам – біріккен кедендік комитеттер құру жөнінде меморандумға қол қою. Кездесудің соңында қазақстандық кеденшілер қонақтарға естелік белгілері мен сыйлықтар табыс етті.