Зейнетақы қорында ашық есік күні өтті

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған қаражаттарын бірден ала алмайды. Бұдан былай оларға жинаған ақшалары ай сайын төленетін болады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі өзгеріске ұшырайды. Таяуда сала мамандары ашық есік күнін өткізіп, келушілерге өзгерістерді жіті түсіндірді.

Бәйдібек би даңғылында орналасқан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өңірлік филиалында ұйымдастырылған ашық есік күніне келгендердің арасында қалалықтар басым. Осы айда зейнеткерлік жасқа толатындар қорға келіп, жинақтарына қатысты сұрақтарына жауап алды. Олардың арасында жеке кәсіпкер Гүлсанай Отыншиева да бар.

Гүлсанай Отыншиева, қала тұрғыны: «Айна» базарында жұмыс жасадым. Алдағы күндері 58 жасқа толамын. Сол төлемдерді сол күні алады екенмін. Осындағы мамандар жақсы түсіндірді, рахмет!»

БЖЗҚ барлық филиалдарында»Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік» тақырыбында өтіп жатқан ашық есік күні – биылға жоспарланған соңғы іс-шара. Оның барысында салымшылар есеп-шоттағы жинақтары және зейнет жасына толған шақта қандай төлемдер алуға құқылы екені жайлы мәлімет алады. Мұндай шаралар қордың ұйымдастыруымен тоқсан сайын өтеді. Егер бұл жолғы шараға үлгермесеңіз, уайымдамаңыз. БЖЗҚ АҚ филиалдары күнделікті және 30-31 желтоқсанда түскі 13:00 ге дейін жұмыс жасайды. Осы орайда мамандар 31 желтоқсанда зейнеткерлік жасқа толатын азаматтарды қорға шақырады.

Мамандар қордағы жинақтары үшін салымшылар еш уайымдамаса болады дейді. Өйткені мемлекет қордағы нақты салынған міндетті зейнетақы жарналарын зейнетке шыққан сәттегі инфляция деңгейін ескеріп, сақтауға кепілдік береді. Толық ақпаратты www.enpf.kz сайтынан білуге болады.