Шымкенттегі Асқаров көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары өздерінің ортақ үйінің жылу жүйесіне немқұрайлы қарайды. Соның салдарынан суық түскенде әкімдікке шағым жасап, сапалы жылуды талап етуде. Осындай күрделіліктерге қарамастан Қуат жылу орталығы-3 мекемесінің жұмысшылары лас жертөледе жұмыс істеуге мүмкіндік болмағандықтан, жүйені сыртқа шығаруға мәжбүр болған.
Асқаров көшесінде орналасқан үйдің тұрғындары жылуға жарымай келеді. Айтуларынша, пәтерлерін өз бетінше, түрлі тәсілдермен жылытады. Бірі электр жылытқышын пайдаланса, енді бірі желдеткіштің жылы ауасын қосады. Тіпті ыстық су құйылған бөтелкелерді жиі падаланады.
Қолдағы құжаттарын қарасаңыз, бұл көпқабаты үй кондоминиум нысаны ретінде әділет депортаментінде тіркелген. Бірақ тұрғындардың бірде-бірі үйдегі жертөленің жағдайымен ісі жоқ. Тек өз пәтері таза, жылы болса болғаны. Есесіне жертөле шайынды суға толып, жылу жүйелері істен шыққан. Жылу маусымына дайындық кезінде тұрғындардың өзі қаражат төлеуден бас тартқанымен, үйдің ішкі жүйелеріне жауапты мамандар жертөлені сасық судан тазартқан. Бірақ құбырларды алмастыруға қыруар қаржы керек. Тығырықтан шығатын жалғыз шешім — Қуат жылу орталығы-3 мекемесінің мамандары жылу жүйелерін сыртқа шығарды.
Нұржан Татыбаев, Қуат жылу орталығы-3 мекемесі директорының орынбасары: «Трғындармен келісім-арт түзілісімен біз жертөлені судан тазартып,жүйені алмастыруға кірістік. Бірақ қолқаны қабатын сасық иістен жұмыс істеу мүмкін болмады.»
Бұл көпқабатты үй 1960 жылдары қолданысқа берілген. Сол уақыттан бері жылу жүйелерінде жөндеу жүргізілмеген, биыл үйдің жылу жүйесінде сығымдау жұмысы да істелмеген. Ең қиыны — тұрғындар ол туралы ойланбайды да дейді мамандар .
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Бұл көпқабаты үйге жылу қосылды, бірақ тәулік өтпей құбырлар қысымға шыдамады. Келесі жылы бұл үйді жаңғырту бағдарламасына енгізіп, жөндеуді жоспарлап отырмыз.»
Апта бойы Қуат жылу орталығының мамандары осы үйді жылуға қосумен әлек. Нәтиже бар. Дегенмен, жылу берушілер тұрғындарға қыстың қамын жазда ойлау керегін тағы ескертті. Сонда ғана қыста жылы пәтерлерде отырары анық. Ал кінәні өзгеден іздеп, дау салғаннан түк шықпайды. Көпқабатты тұрғын үйлерде әр тұрғын өз меншігіне жауапты, оған пәтерлер мен жертөлелер де кіреді.
Нұрлан Күдерұлы