Облыс әкімі қарт аналарды құттықтады

623

Шұғылалы көктем мерекесі әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында да тойланды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осындағы жалғызбасты қарттар мен мүгедек жандарды құттықтады.

Ардагер аналарды да ардақтап, мереке қарсаңында құрмет көрсетті. Дәстүрлі шарадан жаңылмаған жергілікті билік биыл да тосынсый қуантты.

Сый да, сыйлық та ізет пен құрмет те нәзік жандыларға. Өңір басшысы мереке қарсаңында ардақты жандардың мерейін үстем етті. Өзіне қызмет көрсетуге қабылетсіз жалғызбасты қарттарды көктем мерекесімен құттықтап, қамкөңіл жандардың көңілін аулады.

Арнайы қызмет көрсетілетін орталықта бүгінде 77 әйел азамат өмір сүріп жатыр. Солардың бірі Зәуре Есенбекова. Алпыстың алтауына келген әжей қолнермен айналысады. Тағдыр тауқыметін кешкен кейуананың осында келгеніне биыл бесінші жыл.

Жергілікті билік өкілдері ардагерлер үйінде демалып жатқан нәзік жандыларды да ұмытпады. Тыл еңбеккерлері, батыр аналар, зейнеткерлер сияқты құрметке лайық жандар мерекелік ақ дастархан басынан табылды. Ал осында тиісті ем-домын алып жатқан 102 жастағы Нағима анаға көрсетілген ізеттің жөні бөлек.

Ұлттық рухтың уызынан нәр алған күмбірлі күй, мәнерлі би, әуезді ән, сырлы саз – мерекелік көңіл-күймен астаса өрілді. Құрметті ханымдарға әдемі әсер сыйлау үшін жергілікті өнерпаздар барын салды бұл күні.

Мақпал Рысбекова