Шымкентте «World Skills Kazakhstan» өңіраралық чемпионаты басталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқау студенттер арасындағы кәсіптік-техникалық мамандықтарды дамытуға арналған. Шара «100 нақты қадам» ұлт жоспары негізінде облыстық білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Чемпионатқа жобаларын ұсынғандардың үздіктері Астанада өтетін ұлттық чемпионатқа жолдама алады.
«World skills» өңіраралық чемпионатына әр жас маман иелері толыққанды дайындықпен келген. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің 3 курс студенті Нұрдәулет Исмайл жеңістен үмітті. Мамандығы — бағдарламашы. Байқауда «Поли-кран» атты жүк тасымалдайтын көлікті ұсынған. Машинаның ерекшелігі — ол адамның көмегінсіз автоматты түрде өзі қозғалады. Студент қолға алған жобасын ары қарай дамытуды жоспарлап отыр.
Нұрдәулет ИСМАЙЛ, байқау қатысушысы: «Бұл робот зауыттарда, цехтарда, қоймаларда жүк тасуға өте қажет. Көрсетер көмегі көп. Мұны жасап шығуға көп уақытым кетті. Алдағы уақытта бұдан да керемет етіп жетілдіруді жоспарлап жүрмін».
Кәсіби-техникалық мамандықтар даярлайтын оқу орындары арасында өтіп жатқан Ұлттық чемпионатқа облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, салтанатты түрде ашып берді. 4 күнге жоспарланған білім додасында 123 студент бақтарын сынайды. Олар 30 түрлі мамандықтар бойынша кәсіби шеберліктерін көрсетеді. Атап айтсақ, инжинерия, мобильді робототехника, электромонтаж, құрылыс, киім дизайны, шаштараз және мейрамхана ісі секілді салалар қамтылған.
Әбдіманап Бектұрған, Парламент мәжілісінің депутаты: «Оңтүстік Қазақстан облысында 96 колледж бар. Олардың жұмыстарының бәрі оқу стандарттарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Агроколледждің жұмысымен таныстық. Ол жерде де материалдық техникалық базасының жақсы екеніне көзіміз жетті. Бүгінгі мына көрмеде, Өзбекстан мен Қазақстанның техникалық бағыттағы колледждердің жасаған жұмыстарының үздік нәтижелерінің куәсі болып отрмыз. Мүмкін бүгін көрсетіл жатқан кейбір нәрселердің бәрі қарапайым нәрсе болғанымен, ертең жақсы деңгейге жететін дүние болатынына сенімім мол».
Өңіраралық сайыстың жеңімпаздарына маусым айында өтетін республикалық кезеӊге жолдама беріледі. Айта кетейік, былтыр өткен ұлттық чемпионатта облысымыздың студенттері 1 алтын, 5 күміс медаль иеленсе, әлемнің үздіктері сынға түскен халықаралық сайыста 3- орынды жеңіп алған болатын.
Ардақ Жақсылықова