Қазығұрт ауданы өркениеттен өгейлік көріп отыр

707

Қазығұрт ауданында коммуналдық проблемалар шаш етектен. Халық ауызсуға жарымай, көгілдір отынға да қол жеткізе алмай отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев осы түйіткілдерді ашып айтты. Аудан басшысы жылдар бойы күрмеуін таппай келе жатқан коммуналдық мәселелердің себептерін де түсіндірді.

Былтырғы жылды қорытып есеп берген аудан әкімі барлық салада өсім бар дейді. Киелі өңір халқы ауыл шаруашылығын түлетіп, шағын және орта бизнесті де дөңгелетіп отыр. Жұмыспен қамту шаралары да ойдағыдай жүзеге асуда. Тек коммуналдық түйткілдердің түйіні тарқатылмай келеді.

Аудандағы 64 елдімекеннің 42 – сі ауызсу құбырымен қамтылыпты. Оның 18-не ғана тіршілік нәрі тұрақты беріледі, қалғаны суды кестемен ішеді дейді аудан әкімі. Өркениеттен өгейлік көріп отырған қазығұрттықтардың көгілдір отынмен қамтылуы да жартымсыз.

Бүгінде елдімекендерінің 56 пайызы табиғи газға қосылған. Аудан басшысы қазір 9 елдімекенде газдандыру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жауаптылардың салғырттығынан газдың ауылы алыс болған Алтынтөбе ауылдық округі жұртшылығы әлі күнге газ құбырына телмірумен келеді. Алайда, Телқараев мырза газ тарату жүйесіндегі түйіткілдерге қарамастан мәселені биыл шешеміз деп сендірді.

Аудан басшысының сүйінші хабары да бар. «Болашақ» шағын ауданынан биыл 16 пәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, әкім мырза Атбұлақ елді мекенінде 17 пәтерлі қызметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетінін де мәлім етті.